Executive Director. Мейржан Есимханов
Жоспарлау үшін әдетте қаржылық модельдің екі нысаны қолданылады: кірістер мен шығыстардың қаржылық жоспары және ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп.
Деңгей: бастаушыларға
Тіл: Орысша
Ұзақтығы: 2:32
Қаржылық модель неден тұрады? Жоспарлау мақсатында әдетте қаржылық модельдің екі нысаны қолданылады. Біріншісі — кірістер мен шығыстардың қаржылық жоспары, profit and loss statement, P&L. Ол стартаптың даму стратегиясын қалыптастырады және есептеу әдісі бойынша құрылады. Яғни есеп ақша қаражатының нақты қозғалысымен емес, қызметтер көрсетілген, тауарлар мен өнімдер берілген күнмен байланысты. Ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп, cash flow, ақша ағындарын жедел басқару және жоспарлау үшін қолданылады. Ол кассалық әдіс бойынша құрылады: сомаларды кірістерге немесе шығыстарға жатқызу үшін ақшаның нақты қозғалысы қажет.
Осы нысандарды қалыптастыру үшін кіріске қатысты қаржылық көрсеткіштер бойынша болжамдарды анықтау қажет: жобаның өмірлік циклдері, сатып алушылар саны, сатылым жоспары, орташа чектің мөлшері. Негізінен, түсімнің жалпы болжамы, қызметтерден түсетін кірістер, маусымдылық және нарықтың жалпы динамикасы. Операциялық шығындар — шикізатты, шығыс материалдарын, сырттан алынатын қызметтерді сатып алуға, жалдау ақысына, қызметкерлердің жалақысына, маркетингке және т.б. ай сайын қанша ақша жұмсалатыны. Сыртқы факторлар — бизнеске не және қалай әсер ететіні: инфляция, валюта бағамдары, салық мөлшерлемелері, сатып алу бағалары және т.б. Міндетті төлемдер мен несиелер, салықтар мен мемлекеттік баждар.
Күрделі салымдар — жабдық, үй-жай, көлік сатып алуға жұмсалатын шығыстар. Бұл — cash flow-дың бір бөлігі, әрі олар бойынша амортизация есептеледі. Қаржыландыру көлемі — құрылтайшылар, инвесторлар, кредиторлар бизнеске қанша салып қойғаны және тағы қанша салуды жоспарлап отырғаны. Бұл да cash flow-дың бір бөлігі. Сонымен қатар жобаның тиімділігін есептеуге болады: NPV — таза келтірілген құн, инвестор пайда алғысы келетін күнгі кіріс және шығыс ақша ағындарының сомасы. Мысалы, қаржы салынғаннан кейін үш жыл өткен соң. Теріс NPV арқылы инвестор жобаның шығыстары салым сомасынан асып кеткенін түсінеді.
IRR — кірістіліктің ішкі нормасы. Бұл — NPV нөлге тең болатын пайыздық мөлшерлеме. Ол жобаның белгілі бір кезеңдегі, мысалы, бір жылдағы орташа кірістілігін көрсетеді. Басқаша айтқанда, IRR компанияға қаржы салған инвестордың қанша алатынын көрсетеді. PP — өтелу мерзімі, іске қосуға жұмсалған шығындар өтелетін ең қысқа кезең. Ол үшін бизнес жыл сайын қанша пайда әкелетінін болжап, жиынтық пайданың инвестиция көлемінен қашан асатынын есептеу керек. Салымдар неғұрлым ұзақ өтелсе, компания соғұрлым аз тартымды саналады.

Бізге 5 минут бөліп, пікір қалдырыңыз