Маркетплейстер құрудағы заңдық «тұзақтар»
Онлайн-маркетплейстер табыс табу тұрғысынан ең перспективалы ecommerce-салаларының бірі болып саналады. Бұл бизнес-модельдің тағы бір артықшылығы — маркетплейс сатушыны жеткізу, клиентпен байланыс және тапсырыстарға қатысты мәселелерді реттеу жұмыстарынан босатады. Алайда сонымен бірге маркетплейс бірқатар заңдық тәуекелдерге тап болуы мүмкін, стартап оларды бизнес жүргізудің ең басында ескергені маңызды. Мысалы:
- Тауарлар/қызметтер сапасы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік. Егер маркетплейс арқылы сатылатын тауарлар немесе қызметтер сапа стандарттарына сай келмесе немесе тұтынушыларға зиян келтірсе, платформа да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Атап айтқанда, егер платформа нақты немесе толық ақпарат бермесе не жеткізушілерді тиісінше тексермесе, маркетплейске талап қойылуы мүмкін.
- Мысалы, Қытайдан әкелінетін арзан тауарларға маманданған Wish маркетплейсі қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін сапасы төмен тауарларды сатқаны үшін бірнеше рет сынға ұшырады. 2021 жылы Францияда қауіпті және контрафактілі тауарларды, соның ішінде электроника, балалар ойыншықтары мен киімді сатқаны үшін үкімет Wish платформасына кіруді уақытша бұғаттады. Реттеушілер Wish тауарларды платформаға орналастырмас бұрын олардың қауіпсіздігін тиісінше тексермегенін атап өтті, бұл тұтынушылар құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке әкелді.
- Құпиялылық және деректерді қорғау. Пайдаланушылар мен сатушылардың дербес деректерін қорғау — негізгі аспект. Мысалы, егер стартап дербес деректерді қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпесе, бұл айтарлықтай айыппұлдарға әкеліп, платформаның одан әрі жұмыс істеуіне қауіп төндіруі мүмкін.
- Деректер құпиялылығын бұзудың ең шулы оқиғаларының бірі 2016 жылы болды. Uber компаниясы шамамен 57 миллион пайдаланушы мен жүргізушіні қамтыған деректердің жылыстауына тап болды. Компания басшылығы ұрланған деректерді жоюы үшін хакерлерге $100,000 төлеп, бұл оқиғаны жасыруға тырысты. Алайда соңында құпиялылықтың бұзылғаны туралы ақпарат жария болып, бұл Uber үшін елеулі заңдық салдарларға әкелді. 2018 жылы компания американдық штаттардың талаптарын реттеу үшін $148 миллион төлеуге келісті, бұл сол кездегі деректер құпиялылығын бұзғаны үшін салынған ең ірі айыппұлдардың бірі болды.
- Зияткерлік меншікті бұзу. Егер платформадағы сатушылар зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын тауарларды (мысалы, жалған өнімдерді) сатса, маркетплейс те мұндай контентті орналастырғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Осындай мысалдардың бірі — Alibaba Group компаниясымен болған жағдай. 2015 жылы Gucci, Balenciaga, Yves Saint Laurent сияқты брендтерге иелік ететін Kering Group Alibaba компаниясына қарсы талап арыз берді. Компания өз платформаларында жалған тауарларды сатуға кедергі жасамағаны былай тұрсын, сатушыларға зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын тауарларды белсенді түрде таратуға мүмкіндік бергені үшін айыпталды.
Бұл жағдай көптеген басқа маркетплейстер үшін маңызды прецедент болды: олар болашақта осындай талап арыздардан аулақ болу үшін өз платформаларында зияткерлік меншікті қорғаудың ұқсас тетіктерін белсендірек енгізе бастады.
- Пайдаланушылар жүктейтін контент. Егер пайдаланушылар контент (мысалы, пікірлер, суреттер) жүктей алса, онда маркетплейс заңсыз немесе зиянды контентті бақылау және жою тетіктерін қарастыруы тиіс.
Пайдаланушылық контентке және тиісті модерацияның болмауына байланысты жанжалдың мысалы ретінде Facebook (қазіргі Meta) және оның пайдаланушылар жүктейтін контентке қатысты сот талқылаулары жағдайын келтіруге болады. Ең шулы оқиғалардың бірі платформа Мьянмада зорлық-зомбылықты қоздыру үшін пайдаланылды деген айыптауларға байланысты болды.
2017 жылы Мьянмада жаппай толқулар болып, оның салдарынан рохинджа мұсылман азшылығының мыңдаған өкілі елден қашуға мәжбүр болды, ал олардың көбі зорлық-зомбылық құрбаны болды. Дағдарысты ушықтырған негізгі факторлардың бірі әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook-та белең алған өшпенділік насихаты болды. Платформа жалған жаңалықтарды, зорлық-зомбылыққа шақыруларды және экстремистік мәлімдемелерді тарату үшін пайдаланылды, бұл қақтығыстың ушығуына әкелді.
2018 жылы Facebook өкілдері компания өшпенділік хабарламаларының таралуымен жеткілікті тиімді күреспей, Мьянмада елеулі қателіктер жібергенін мойындады.
Осы оқиғадан кейін Facebook, әсіресе саяси және этникалық қақтығыстарға бейім өңірлерде, контентті модерациялаудың неғұрлым қатаң ережелерін енгізді. Сондай-ақ компания платформадағы өшпенділік тілін бақылау үшін тәуелсіз ұйымдармен ынтымақтаса бастады.
- Лицензиялық келісімдер. Егер стартап үшінші тараптың контентін, бағдарламалық қамтамасыз етуін немесе технологияларын пайдаланса, лицензиялық келісімдер жасасып, олардың талаптарын сақтау қажет.
API пайдалануға байланысты шулы даулардың бірі ретінде Oracle компаниясының Google-ға қарсы талап арызын келтіруге болады. Oracle Google өзінің Android операциялық жүйесінде Java API интерфейсін заңсыз пайдаланып, оны лицензиясыз қолдану арқылы авторлық құқықты бұзды деп мәлімдеді.
Бұл іс бірнеше сот сатысынан, соның ішінде АҚШ Жоғарғы сотынан өтті. 2021 жылы Жоғарғы сот Java API пайдалану "адал пайдалану" (fair use) болды деп шешіп, Google жағын қолдады. Алайда бұл іс лицензиялық келісімдердің болмауы немесе дұрыс сақталмауы көпжылдық сот дауларына қалай әкелуі мүмкін екенінің маңызды мысалы болды.
- Салаға тән лицензиялар. Кейбір юрисдикциялар мен салаларда арнайы лицензиялау талап етілуі мүмкін (мысалы, дәрі-дәрмек пен алкоголь сату, қаржылық қызметтер үшін). Мысалы, энергетика саласында.
Мәселен, 2021 жылы Tesla Техаста энергия өткізу қызметтеріне лицензия алуға өтінім берді. АҚШ-тағы энергетика нарығы қатаң реттеледі, ал электр энергиясын сатқысы келетін компаниялар жергілікті энергетикалық реттеушілерден тиісті лицензия алуы тиіс.
Tesla энергия өткізу қызметтерін көрсетуге лицензия алып, нарыққа шыға алды. Бірақ егер компания энергияны лицензиясыз сата бастаған болса, оның қызметі заңсыз деп танылып, бұл ірі айыппұлдарға және операциялық қызметке тыйым салуға әкелуі мүмкін еді.
- Пайдалану шарттары. Стартап пайдаланушылар мен сатушылар үшін платформаны пайдаланудың нақты әрі ашық шарттарын әзірлеуі қажет. Олар барлық аспектілерді, соның ішінде дауларды шешуді, қайтару мен өтемақыларды, сондай-ақ бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қамтуы тиіс.
Платформаның пайдаланушылар немесе сатушылар әрекеттері үшін жауапкершілігін шектейтін ережелерді енгізу маңызды. Мәселен, егер сатушы алаяқтық әрекеттер жасаса немесе сапасыз тауарлар сатса, платформа мәміленің тарапы болып табылмаған жағдайда сатып алушылар шеккен шығындар үшін жауапкершілік көтермейтінін көрсете алады. Мысалы, Airbnb платформасының қызмет көрсету шарттарында платформа жауапкершілік көтермейтін тиісті жағдайлар тізбеленген.
Бұл тәуекелдерді азайту үшін стартап негізін қалаушыға электрондық коммерция және деректерді қорғау мәселелеріне маманданған заңгерлермен кеңесіп, барлық қажетті заңдық құжаттарды (мысалы, пайдалану шарттары, құпиялылық саясаты) әзірлеу ұсынылады.
Айта кетейік, стартапқа инвестиция салу кезінде біздің компания құқықтық мәселелерге үлкен мән береді. Сондықтан Activat VC компаниясын таңдаған негізін қалаушылар тек инвесторды ғана емес, стартаптың өсуіне мүдделі және заңдық тұрғыдан дұрыс бизнес-модель құруға көмектесуге дайын серіктесті де алады.