Неліктен бірлескен негізін қалаушыларға стартаптағы үлестерді дұрыс бөлу маңызды
Стартаптағы үлестерді дұрыс бөлу — әр компанияның және оның қатысушыларының түрлі жағдайларына байланысты болатын едәуір күрделі әрі әр жағдайға жеке қарауды қажет ететін үдеріс. Стартаптардың негізін қалаушылар бұл мәселеге ерекше мән беруі керек, өйткені ол бизнестің табысты дамуы мен бірлескен негізін қалаушылар арасындағы тұрақты қарым-қатынас үшін шешуші рөл атқаруы мүмкін. Стартаптағы үлестерді дұрыс бөлу мыналарға әсер етуі мүмкін:
- Бірлескен негізін қалаушылардың уәждемесі мен белсенді қатысуы: әділ бөлу қызметкерлер мен бірлескен негізін қалаушыларды алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге жету үшін күш салуға ынталандырады;
- Қақтығыстардың алдын алу: үлестерді дұрыс бөлу қақтығыстардың туындау ықтималдығын азайтады;
- Таланттарды табысты ұстап қалу: үлестер әділ бөлінген жағдайда талантты қызметкерлер стартапқа үлкен қызығушылық танытып, оған берік байланатын болады;
- Инвесторларды тарту: инвесторлар үлестері дұрыс бөлінген жобаларды қаржыландыруға мүдделі;
- Компанияның болашақ өсуі: стартаптағы үлестерді әділ бөлу компанияның табысты дамуына ықпал етуі мүмкін, өйткені әрбір бірлескен негізін қалаушы ортақ көзқарасты ұстанып, ортақ мақсаттарға жету үшін жұмыс істейтін болады.
Үлестерді әділ әрі тиімді бөлуді қамтамасыз ету үшін стартаптардың негізін қалаушыларға заң және бизнес саласындағы мамандармен кеңесіп, барлық уағдаластықтар мен келісілген шарттарды тиісті құқықтық құжаттарда (мысалы, жарғыда) бекітіп қою ұсынылады.
Айта кетейік, стартаптың бірлескен негізін қалаушылары арасында үлестердің біркелкі бөлінбеуі жиі кездеседі. Алайда мұндай бөлу негізделген болуы тиіс. Үлестердің біркелкі бөлінбеуіне әсер етуі мүмкін факторлар мыналар:
- Идеяға және оны жасауға қосқан салым. Стартап идеясын ұсынып, оны құруға белсене атсалысқан негізін қалаушының үлесі көбірек болуы мүмкін. Бұл, әсіресе идея бүкіл бизнестің бастау нүктесі болса, орынды негіз бола алады.
- Техникалық дағдылар мен салым. Егер бірлескен негізін қалаушылардың бірі негізгі технологияларды немесе өнімдерді әзірлеп, аса құнды техникалық салым қосса, оған компаниядан едәуір көбірек үлес берілуі мүмкін.
- Қаржылық салым. Стартапқа көбірек ақша салған негізін қалаушы үлкенірек үлес күтуі мүмкін. Бұған бизнесті іске қосуға арналған бастапқы капитал немесе кейінгі кезеңдердегі қосымша инвестициялар кіруі мүмкін.
- Тәжірибе мен кәсібилік. Егер бірлескен негізін қалаушылардың бірінің стартаптың табысы үшін шешуші болуы мүмкін бай тәжірибесі болса, оның тәжірибе мен дағды түріндегі салымы үлестерді бөлу кезінде ескерілуі мүмкін.
- Рөлдер мен жауапкершілік. Үлестерді бөлу әрбір бірлескен негізін қалаушының әртүрлі рөлдері мен жауапкершілік деңгейлерін көрсетуі мүмкін. Мысалы, атқарушы директордың немесе техникалық директордың үлесі команданың басқа мүшелерімен салыстырғанда көбірек болуы мүмкін.
- Тәуекел және жеке жағдайлар. Кейбір бірлескен негізін қалаушылар көбірек қаржылық немесе кәсіби тәуекелге баруы мүмкін, бұл олардың компаниядағы үлестерінен көрініс табуы мүмкін.
Үлестерді дұрыс бөлу бизнестің жұмыс істеуі барысында да маңызды рөл атқарады. Мәселен, негізін қалаушылар арасындағы келіспеушіліктер салдарынан «тығырық жағдайлар» (deadlock) деп аталатын ахуал туындап, бизнес-процестердің тұралауына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар стартаптағы үлестер тең бөлінгенде (50%-ға 50%) ғана емес, сондай-ақ заңнамада немесе жарғыда белгіленген дауыс санын талап ететін шешім қабылдау қажет болғанда да туындайды. Мысалы, көптеген стартаптар заңды тұлғаларын тіркейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығында кейбір жағдайларда кемінде 75% дауысты талап ететін арнайы шешім (Special Resolution) қабылдау қажет.
Айта кету керек, үлестерді бөлудің дұрыс емес тетігі бірлескен негізін қалаушылардың уәждемесінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты компанияның негізін қалаушылар ұзақ мерзімді белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін өз үлестеріне вестинг қолдана алады. Вестинг — меншік құқығы (мысалы, акцияларға немесе опциондарға) белгілі бір кезең ішінде (мысалы, 4 жыл) біртіндеп алынатын үдеріс. Бұл тетік әдетте компанияның қызметкерлеріне, негізін қалаушыларына немесе инвесторларына берілген акцияларға немесе опциондарға олардың компанияға ұзақ мерзімді негізде қатысуын ынталандыру үшін қолданылады. Осылайша, вестингті қолдану негізін қалаушылардың бірі компаниядан мерзімінен бұрын кетуді шешкен жағдайда туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, стартаптар бизнес құрудың ең басында үлестерді дұрыс бөлуге ерекше назар аударуы керек, әйтпесе бұл команда ішінде күрделі мәселелерге әкеліп, қақтығыстар туғызуы және компанияның ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатер төндіруі мүмкін. Айта кетейік, Activat VC венчурлік компаниясы 2014 жылдан бері стартаптарға инвестиция салып келеді және көптеген мәселелер, соның ішінде үлестерді дұрыс бөлу мәселелері бойынша сараптамалық тәжірибе жинақтады. Біз портфельдік компанияларымызға тек ақшалай инвестициялар арқылы ғана емес, сараптамалық тәжірибе мен қалыптасқан серіктестіктер арқылы да ауқымын кеңейтуге және жаңа нарықтарды игеруге көмектесеміз.
Авторы: Алмас Серикулы, Activat VC заңгері