2024 жылы Қазақстандағы жалпыға бірдей декларациялау бойынша жадынама
2024 жылы міндетті декларацияны кім тапсыруы тиіс
2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Үшінші кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын (250.00 нысаны) 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша заңды тұлғалардың (ЖШС, АҚ және т.б.) басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер (соның ішінде «әрекетсіз» мәртебесі берілгендер) болып табылатын жеке тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары алғаш рет ұсынады.
Кірістің, айналымның және кәсіпкерлік қызмет ауқымының мөлшері маңызды емес. Заңды тұлғаның қызмет саласының да маңызы жоқ.
Мазмұны:
- Декларацияны кім тапсыруы тиіс
- АХҚО-да тіркелген заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) декларация тапсыруы тиіс пе
- Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары декларация тапсыруы тиіс пе
- Акционерлік қоғамның (мысалы, KEGOC) акцияларын сатып алған тұлғаларға декларация тапсыру керек пе
- Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) болып табылатын шетел азаматтары (және олардың жұбайлары) жалпыға бірдей декларациялауға жата ма
- Бұрынғы жұбайларға декларация тапсыру керек пе
- Декларацияны қалай және қайда тапсыру керек
- Бастапқы декларацияда (СЕН 250.00) нені көрсету қажет
- Декларацияда нені көрсетудің қажеті жоқ
- Қазақстандық банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қолданыстағы несиені декларациялау керек пе
- Берешекті нотариат арқылы куәландыру керек пе
- Мәдени құндылықтарды, зергерлік бұйымдарды және басқа мүлікті декларациялау керек пе
- Сенімхат бойынша сатып алынған автокөлікті өз атыңызға қайта рәсімдеу керек пе
- Активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын қалай тексеруге болады
- Қолма-қол ақша 10 000 АЕК сомасынан асса, не істеу керек
- Сенімгерлік басқаруға берілген мүлікті көрсету керек пе
- Декларацияны тапсырған кезде қай жыл мен кезеңді көрсету керек
- Декларацияны қате толтырсаңыз, не істеу керек
- Декларацияны уақытында тапсырмаса не болады
АХҚО-да тіркелген заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) декларация тапсыруы тиіс пе
АХҚО-да тіркелген заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) да 2024 жылы «кіру» декларациясын тапсыруы тиіс, өйткені:
- АХҚО-ның қолданыстағы құқығына сәйкес құрылған заңды тұлғалар (мысалы, жеке компания) Қазақстанның заңды тұлғалары болып табылады;
- Қазақстанның Салық кодексі «„Астана“ халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңда көрсетілген салықтық алып қоюларды қоспағанда, АХҚО қатысушыларына қолданылады.
Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары декларация тапсыруы тиіс пе
Жоқ, өйткені филиал мен өкілдік заңды тұлғаның оқшауланған құрылымдық бөлімшелері ғана болып табылады.
Акционерлік қоғамның (мысалы, KEGOC) акцияларын сатып алған тұлғаларға декларация тапсыру керек пе
Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі – МКК) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұстанымын ескере отырып білдірген ұстанымына сәйкес, акционерлерге 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсыну міндеті қолданылмайды.
МКК пікірінше, «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңда «қатысушы» ұғымы болмағандықтан, акцияларды сатып алған немесе олардың меншік иесі болған тұлғалар акционерлік қоғамның акционерлері болып табылады.
Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) болып табылатын шетел азаматтары (және олардың жұбайлары) жалпыға бірдей декларациялауға жата ма
Иә, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) болып табылатын шетел азаматтары (сондай-ақ олардың жұбайлары) да салық декларациясын тапсыруға міндетті. Бұл міндет Қазақстанда тұрақты тұрмайтын немесе Қазақстан шекарасын ешқашан кесіп өтпеген тұлғаларға да қолданылады. Мұндай жағдайда оларға ЖСН алып, декларация ұсыну қажет болады.
Бұрынғы жұбайларға декларация тапсыру керек пе
Егер 2024 жыл ішінде кәсіпкер/басшы/құрылтайшы (қатысушы) жұбайымен ажырасса, екеуі де активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруы тиіс болады, өйткені 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олардың некесі әлі тіркелген еді.
Декларацияны қалай және қайда тапсыру керек
Жалпыға бірдей декларациялау бойынша декларация тұрғылықты жері (болатын жері) бойынша, ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін орналасқан жері бойынша ұсынылады (Салық кодексінің 632-бабы).
Тапсыру мерзімі ұсыну тәсіліне (қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде) байланысты әртүрлі болуы мүмкін екенін ескеріңіз:
- қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда – 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, келу тәртібімен немесе пошта не өзге байланыс ұйымының хабарламасымен тапсырысты хат арқылы поштамен;
- электрондық түрде ұсынылған жағдайда – 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей.
Декларацияны электрондық түрде Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.
Бастапқы декларацияда (СЕН 250.00) нені көрсету қажет
Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 нысаны) жеке тұлғалардың мыналарды көрсетуіне арналған (Салық кодексінің 631-бабы):
- Қазақстаннан тыс жердегі мүлік:
- шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері;
- шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
- Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі;
- Қазақстаннан тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттардағы, барлық банк салымдары бойынша жиынтығында АЕК-тің 1 000 еселенген мөлшерінен (яғни 3 692 000 теңгеден) асатын сомадағы ақша.
- Қазақстандағы және (немесе) одан тыс жердегі мүлік:
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;
- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, цифрлық активтер (биткоиндер және т.б.);
- инвестициялық алтын (құйма түріндегі алтын);
- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;
- айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10 000 еселенген мөлшері шегіндегі қолма-қол ақша, яғни 36 920 000 теңге;
- банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, нотариат куәландырған дебиторлық/кредиторлық берешек;
- жеке тұлғаның қалауы бойынша, бір бірлігінің бағасы АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен, яғни 3 692 000 теңгеден асатын өзге мүлік (мысалы, антиквариат, тондар, суреттер және т.б.) – мұндай мүлік 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалануы тиіс.
Декларацияда нені көрсетудің қажеті жоқ
Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті (мысалы, жер учаскелерін, үйлерді, тіркемелерді, автокөліктерді) көрсетудің қажеті жоқ, өйткені бұл объектілердің бар екені туралы мәліметтер мемлекеттік базаларда бұрыннан бар.
Сондай-ақ салық органдарында азаматтардың қазақстандық банктердегі шоттары (мысалы, депозиттер) туралы ақпарат бар.
Қазақстандық банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қолданыстағы несиені декларациялау керек пе
Қазақстандық банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы берешекті декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені мемлекеттік органдарда бұл ақпарат бар.
Берешекті нотариат арқылы куәландыру керек пе
Жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегін (кредиторлық берешек) және басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегін (дебиторлық берешек) декларациялау үшін бұл міндеттемелер нотариат арқылы куәландырылуы тиіс.
Осылайша, егер сіз біреуге ірі сомада ақша қарызға берсеңіз, кейін бұл ақшаның қайдан пайда болғанын дәлелдеп жүрмеу үшін нотариус куәландырған растаушы құжатыңыз (2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін) болуы керек. Бұл талап ақшаны қарызға алғандарға да қатысты. Бұл деректерді активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияда (250.00 нысаны) міндетті түрде көрсету керек.
Мәдени құндылықтарды, зергерлік бұйымдарды және басқа мүлікті декларациялау керек пе
Жеке тұлға декларацияда қымбат мүлікті көрсетуге құқылы. Маңызды бір жайт — заттың құны бағалау арқылы ресми түрде анықталуы тиіс. Мысалы, егер жеке тұлғада бір бірлігінің бағасы 1 000 АЕК-тен (яғни 3 692 000 теңгеден) асатын антиквариат, суреттер немесе тондар болса және ол оларды декларацияда көрсеткісі келсе, ол үшін оларды ҚР бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушыға бағалатып, яғни бағалау құнын алуы қажет. Бағалау 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жүргізілуі тиіс.
Сенімхат бойынша сатып алынған автокөлікті өз атыңызға қайта рәсімдеу керек пе
Иә, болашақта қолдағы автокөліктің орнына басқа автокөлік сатып алған кезде салық органдарында ақшаның шығу тегі туралы қандай да бір сұрақ туындамауы үшін сатып алу-сату шарты болуы қажет.
Активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын қалай тексеруге болады
- бағалы қағаздар бойынша - https://portal.kacd.kz;
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша - https://homeportal.kz; https://www.gov.kz/services/3910?lang=ru;
- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша - https://gosreestr.kazpatent.kz;
- сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша - https://egov.kz/cms/ru/services/pass077_mu.
Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) бар-жоғын білу үшін Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу қажет.
Қолма-қол ақша 10 000 АЕК (36 920 000 теңге) сомасынан асса, не істеу керек
Декларацияда қолма-қол ақшаны 10 000 АЕК-тен (36 920 000 теңгеден) аспайтын мөлшерде ғана көрсетуге болады. Бұл сомадан асатын бөлігін банкке салу немесе басқа активтерге айналдыру қажет.
Сенімгерлік басқаруға берілген мүлікті көрсету керек пе
Иә. Бұл ретте мүліктің атауын, мүліктің сәйкестендіру нөмірін, сенімгерлік басқарушының ЖСН/БСН-ін, сенімгерлік басқарудың басталған және аяқталған күнін көрсету қажет болады.
Декларацияны тапсырған кезде қай жыл мен кезеңді көрсету керек
Жалпыға бірдей декларациялау декларацияның екі нысанын көздейді. Егер салық төлеуші жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіндегі тұлғалар санатына жатса және 2023 жылы активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысанындағы «кіру» декларациясын алғаш рет ұсынса, аталған декларацияны ұсынған кезде «2023 жыл» салықтық кезеңін көрсету қажет (мәліметтер 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша көрсетіледі).
270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларация 250.00 нысанындағы декларация ұсынылғаннан кейін жыл сайын есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұсынылады, яғни 2025 жылы – 2024 жыл үшін «2024» жылын көрсете отырып және т.с.с.
Декларацияны қате толтырсаңыз, не істеу керек
Декларация қате толтырылған жағдайда, егер декларацияны ұсыну мерзімі әлі өтпеген болса, оны кері қайтарып алып, дұрыс толтырып, қайта ұсынуға болады. Не болмаса екінші нұсқа бар: дұрыс мәліметтерді көрсете отырып, қосымша декларация ұсыну.
Декларацияны уақытында тапсырмаса не болады
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде бастапқы салық декларациясы мерзімінен кеш ұсынылса немесе декларацияда толық емес, дұрыс емес мәліметтер болса, салық органдары алғаш рет ескертумен шектелетіні белгіленген.
Жеке тұлға әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта бұзушылық жасаса, он бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (15*3 692 = 55 380 теңге, АЕК 2024 жыл үшін алынған).
Сонымен қатар жеке тұлғалар салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасының 200 пайызы мөлшерінде, ал мұндай бұзушылық қайталанса, 300 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеп, өз ақшасынан айырылуы мүмкін.
Декларацияны тапсырмағаны үшін қандай жауапкершілік көзделген
- Декларацияны тапсырмағаны үшін алғаш рет ескерту, бір жыл ішінде қайта бұзушылық үшін 15 АЕК мөлшерінде, яғни 55 380 теңге айыппұл көзделген (15 АЕК * 3 692 теңге = 55 380 теңге).
- Декларацияда толық емес, дұрыс емес мәліметтер ұсынғаны үшін алғаш рет – ескерту, бір жыл ішінде қайта бұзушылық үшін – 3 АЕК мөлшерінде, яғни 11 076 теңге айыппұл.
- Бір жыл ішінде салық салу объектілерін алғаш рет жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, қайта бұзушылық үшін – 300% мөлшерінде айыппұл.
- Қазақстаннан тыс жерде меншік құқығындағы мүліктің бар екені туралы ақпаратты жасырған, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде ақшасы бар жеке тұлғалар 100 АЕК, яғни 369 200 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
- Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде барлық ақпарат, соның ішінде декларацияны толтыру бойынша қадамдық нұсқаулық, ҚР-дағы өз активтеріңізді тексеру бойынша бейненұсқаулық орналастырылған.
Шетелдегі шоттар мен активтер жасырылса, салық органдары олар туралы біле ала ма
Иә, өйткені әртүрлі елдердің салық органдары деректер алмасады.
Кейінгі декларацияларда (СЕН 270.00) нені көрсету қажет болады
Кейіннен жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысаны) ұсынылады, онда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда да, шетелде де мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды сатып алуға жұмсалған шығыстарды жабу көздері көрсетіледі:
- кірістер (жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды, цифрлық активтерді жалға беруден, сатудан түскен кірістер, шетелден түскен кірістер және т.б.);
- салықтық шегерімдер (мысалы, медициналық қызметтерге, білім алуға жұмсалған шығыстар, ипотека бойынша төлемдер);
- мүлікті, оның ішінде өтеусіз алынған мүлікті сатып алу/иеліктен шығару (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және т.б.);
- қымбат мүлікті сатып алу көздері;
- бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т.б.);
- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлес);
- инвестициялық алтын (құйма түріндегі алтын);
- жеке тұлғалардың нотариат куәландырған қарыз шарттары;
- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
- шетелдегі жылжымайтын мүлік пен көлік;
- шетелдік банктегі 1 000 АЕК-тен, яғни 3 692 000 теңгеден асатын ақша.
Шетелде және Қазақстанда орналасқан активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Болашақта активтердің құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.