Агрегатор-сайт қандай жауапкершілік көтереді?

Автор: Алмас Серикулы

Категория: Мақалалар

Агрегатор-сайт қандай жауапкершілік көтереді?

Жақында Ресейде экскурсиялық қызметке байланысты орын алып, сегіз адамның өмірін қиған қасірет қауіпсіздік стандарттарын сақтаудың, әсіресе маркетплейс қызметтерін ұсынатын стартаптар үшін, қаншалықты маңызды екенін ойға салады.

Бұл оқиға тіпті бір ғана қатенің бизнес үшін де, көптеген адамдардың өмірі үшін де қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Инновация мен жылдамдық бірінші кезектегі мәнге ие бүгінгі жағдайда стартап заң тұрғысынан дұрыс рәсімделген құжаттар туралы ұмытпауы керек.

Агрегатор-сайт үшінші тұлғалар көрсететін қандай да бір қызметтің қауіпсіздігі үшін жауап бере ме?

Жалпы ереже бойынша, егер қызметтерді үшінші тұлғалар көрсетсе, сайт олар үшін жауап бермейді. Көп жағдайда агрегаторлар пайдаланушыларға қызмет жеткізушілерін табуға көмектесетін платформа ретінде ғана әрекет етеді. Бұл ретте агрегатордың өзі осы қызметтердің тікелей ұйымдастырушысы немесе орындаушысы болып табылмайды.

Мысал ретінде Booking.com платформасын келтіруге болады. Бұл платформа қонақүйлер көрсететін қызметтердің сапасы үшін жауап бермейді. Егер қонақүй клиенттің күткеніне немесе брондау шарттарына сай келмесе, жауапкершілік Booking.com-ға емес, қонақүйге жүктеледі, себебі платформа тек іздеу және брондау қызметін ұсынады.

Агрегатор-сайт қандай жағдайларда міндетті түрде жауап береді?

Агрегатор тек платформа ретінде ғана емес, сонымен қатар қызметтің ұйымдастырушысы немесе сатушысы ретінде әрекет еткен жағдайларда оның жауапкершілік аясы айтарлықтай кеңейеді. Осылайша, пайдаланушы келісімінің шарттары мен істің нақты мән-жайлары маңызды. Бүгінгі таңда шет елдердің сот практикасында соттар агрегаторларды клиенттерге келтірілген залалды өтеуге міндеттеген прецеденттер бар екенін атап өтеміз.

Мысалдардың бірі – жеткізу процесіне қатысатын (өз курьерлерін ұсынады, жеткізуді басқарады) Grubhub. Егер, мысалы, тамақ тиісті емес күйде немесе санитариялық нормаларды бұза отырып жеткізілсе, бұл платформа қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасы үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Стартап өзін заң тұрғысынан қалай дұрыс қорғай алады?

Төменде клиенттер тарапынан шағымдар туындаған жағдайда, біздің ойымызша, агрегатор-сайтты қорғауға көмектесе алатын ұсынымдармен танысуға шақырамыз:

1. Делдал ретіндегі рөліңізді мынадай құжаттарда нақты айқындаңыз: Пайдаланушы келісімі (пайдаланушылардың платформаны пайдалануы бөлігінде); Құпиялылық саясаты (пайдаланушылардың дербес деректерімен өзара әрекеттесуі мүмкін үшінші тараптардың әрекеттері бөлігінде); Қайтару ережелері (үшінші тараптардың тауарларды қайтаруы немесе қызмет көрсетуі бөлігінде); жеткізушілермен және серіктестермен жасалатын шарттар (тауарлар немесе қызметтер үшін жеткізушілердің өздері жауап береді); жауапкершіліктен бас тарту туралы ескерту (сайтта орналастыру қажет).

2. Тиісті қызметті сіз көрсетпейтініңізді пайдаланушылардың түсінетініне көз жеткізіңіз. Ол үшін платформаның тек делдал ретінде әрекет ететінін мына жерлерде көрсетуді ұсынамыз: тауардың/қызметтің сипаттамасы бар тиісті беттерде; тапсырысты рәсімдеу барысындағы растауда; FAQ (жиі қойылатын сұрақтар) бөлімінде; электрондық пошта арқылы жіберілетін растауларда.

3. Серіктестеріңізді (жеткізушілерді) тексеріңіз, мысалы: заңдық due diligence жүргізу; беделін тексеру (интернеттегі пікірлер); аудиттер мен инспекциялар жүргізу («жасырын сатып алушы»); сапа стандарттарын сақтау туралы келісімдерге қол қою; өнімді/қызметті платформада іске қоспас бұрын тестілеу; жауапкершілікті міндетті түрде сақтандыруды талап ету арқылы.

4. Қайтару және шағымдар бойынша нақты саясат әзірлеңіз, онда қаражатты қайтарудың егжей-тегжейлі қадамдарын жазуға болады (шағымдарды кімге, қандай мерзімде және қандай жағдайларда ұсыну керек, сондай-ақ жауапкершіліктің нақты аражігі – кім не үшін жауап береді: агрегатордың өзі ме, әлде қызмет жеткізушісі ме).

Қорытынды: көріп отырғанымыздай, агрегаторлардың жауапкершілігі тақырыбы едәуір күрделі, ал бұл мәселе бойынша сот практикасы енді ғана қалыптасып келеді. Бірақ платформалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі шектерінің кеңею үрдісі қазірдің өзінде айқын. Осыған байланысты стартаптардың негізін қалаушыларға заңнамалық өзгерістерді, сот практикасын қадағалап отыру, сондай-ақ тиісті құжаттарды әзірлеу маңызды.

24 сен 2024