Стартаптар қалай пайда болып, өседі. EasyTap кейсі

Автор: Исмаил Хасанов

Категория: Сұхбаттар

Стартаптар қалай пайда болып, өседі. EasyTap кейсі

Сервистің негізін қалаушы бизнеске келген жолы және венчурлік инвесторлармен жұмысы туралы айтып берді

Стартаптар мен венчур нарығы ел экономикасының жалпы дамуын көрсетеді. Ол дамыған жерде азаматтар мен басқа бизнеске бұрын қолжетімсіз болған, олардың өмірін жақсартатын қызметтерді ұсынатын жаңа инновациялық компаниялар пайда болады.

Бұл Қазақстанға да қатысты. Ашық дереккөздердің мәліметінше, 2018 жылы республикадағы жария венчурлік мәмілелердің көлемі шамамен 7 млн доллар болса, 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 35 млн долларға дейін, яғни бес есе өсті. Осы кезеңде елде көптеген стартаптар пайда болып, қазақстандықтар үшін үйреншікті сервистерге айналып үлгерді. Солардың бірі – EasyTap, дүкендер мен мейрамханалар үшін сағаттық жұмысшыларға тапсырыс беруге арналған онлайн-сервис. Осы стартаптың кейсі негізінде адамдардың бизнеске қалай келетінін және өз жобаларын дамыту үшін инвестицияны қалай тартатынын айтып береміз.

Бизнестен жалдамалы жұмысқа, сосын қайтадан бизнеске

EasyTap онлайн-сервисінің негізін қалаушылардың бірі әрі CEO – Қостанай қаласының тумасы Магзум Толеш. Ол қарбалас сағаттарда немесе біреу жұмыстан кеткен жағдайда қосымша қызметкерлер қажет болатын компанияларға персонал тартуға көмектеседі. Ал азаматтар, өз кезегінде, мысалы, оқудан қол үзбей, өздеріне ыңғайлы уақытта қосымша табыс таба алады. Қазір компания Қазақстанның 15 қаласында 65 брендпен жұмыс істейді, жүйеде 120 мыңнан астам адам тіркелген.

«Менің жолымды “бизнес – жалдамалы жұмыс – бизнес – жалдамалы жұмыс – стартап” деп сипаттауға болатынынан бастаған жөн. Жалпы, егер “сатып ал да, сат” схемасы бойынша жұмысты кәсіпкерлік деп атауға болса, мен бала кезімнен кәсіпкерлікпен айналысамын. 1990 жылдары ата-анама қаншалықты қиын болғаны есімде. Сол кезде “аман қалғың келсе, қозғалу керек” деген ұстаным қалыптасты. Мектепте оқып жүргенде-ақ мектеп ішінде ақылы дискотекалар ұйымдастырып, дискілердің көшірмелерін қайта сатып, шпаргалкалар сатып, біраз ақша таба бастадым», – дейді Магзум Толеш.

Ол жоғары оқу орнында оқып жүргенде де өз ісін ұйымдастырды. Магзумның айтуынша, ол студенттердің флешкалар арқылы тарайтын вирустарға байланысты ноутбук жөндейтін сервистерге үнемі жүгінетінін көрген. Ноутбуктерді жиі жөндеу қажет болды, сервистердегі ұзын кезектерді көрген кәсіпкер жатақхананың әр жеріне компьютер жөндейтіні туралы хабарландырулар іліп қойды.

«Жалпы, көп нәрсемен айналысуға тура келді. Пандемияға дейін жұмыс істеп, пассивті табыс әкелген фото-видео студия аштым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін той түсірумен айналыстым. Бірақ тұрақты жұмысқа шығу керек деген сезім болды, бұрынғы істерімнің бәрін бизнес ретінде қабылдамадым. Сөйтіп, Қостанай мемлекеттік университетіне тәрбие жұмысы жөніндегі басшының көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Бұл менің алғашқы басқарушылық тәжірибем болды, сол жерде адамдармен дұрыс тіл табысуды үйрендім», – дейді негізін қалаушы.

Тұрақты жұмыспен қатар кейіпкеріміз інілерінің оқуына ақы төлеу үшін кешкісін той түсірумен айналысты. Бұл 2017 жылы ол Еуропаға барғанға дейін біраз уақыт жалғасты – сол сапарда оның ойлау жүйесінде бетбұрыс болды.

«Еуропада тұрып көргеннен кейін мәселенің тек басымызда екенін түсіндім. Жақсы өмір сүретін, қол жетпейтіндей көрінетіндердің бәрі шын мәнінде дәл сондай қарапайым адамдар. Тек жайлылық аймағынан одан әрі шыға беру керек. Нәтижесінде, 2017 жылдың жазында Қазақстанға оралып, серіктесіммен бірге мектеп оқушыларын жоғары оқу орындарына түсуге, емтихандарға дайындайтын білім беру орталығын аштым», – деп жалғастырады Магзум.

Бұл іс қарқынды дамып, серіктестер тіпті Астанада жұмыс істеуге франшиза сата бастады. 2017 жылдың желтоқсанында кәсіпкерлер бизнесін дамытудың жаңа мүмкіндігін көрді – бұл интернет арқылы масштабтау еді. Бірақ ол үшін инвестиция қажет болды, сондықтан Қазақстандағы венчурлік индустрияның ең ірі орталығы – Алматыға баруға шешім қабылданды.

Стартап әлеміндегі алғашқы қадамдар

Магзум мен оның бизнес-серіктесінде стартаптардың қалай жұмыс істейтіні және инвестицияны қалай тарту керектігі туралы жалпы түсінік болған жоқ, бірақ олар Алматыға баруды ұйғарып, «асығыс түрде бизнес-жоспар сияқты бірдеңе жазып алды».

Әлеуметтік байланыстарының арқасында олар сол кезде Startup Finder жобасына жуырда ғана инвестиция тартқан бір стартапшымен байланыса алды. Серіктестер одан инвестиция тарту үшін не істеу керектігін және қалай істеу керектігін білмек болды.

«Ол венчурлік инвестор Марат Толибаевтан инвестиция алған еді, мен Маратқа Facebook арқылы тікелей жазып, онлайн-білім беру саласында стартап жасап жатқанымызды айтуды ұйғардым. Ол бірден жауап бергенде қатты таң қалдым. Донерханада отырып, интернетке қосылып, Маратпен әңгіме бастағанымыз есімде. Иә, бізде бизнес-жоспар болмады, Марат инвестиция салудан бас тартты, бірақ біздің менторымыз болуды ұсынды – егер бәрі ойдағыдай болса, ол біздің бизнес-ангеліміз бола алатын еді», – дейді Магзум венчурлік нарықпен алғашқы танысуы туралы.

Шынында да, инвестиция тарту мүмкін болмады, бірақ кейіпкеріміздің айтуынша, сол сәтте ол Алматыға сапардан шабыт алып, Қостанайдан сонда көшуге шешім қабылдады. Көшкеннен кейін әлеуметтік капитал жинау үшін түрлі салалар мен компанияларда, тіпті мұнай-газ және ауыл шаруашылығы секторларында да жұмыс істеді. Мысалы, 2019 жылдың соңында серіктестерінің бірімен бірге Үндістаннан әкелінетін шашқа арналған май сататын бизнес ашты.

Бірақ ақырында тұрақты жұмысқа шығу туралы шешім қабылданды. Магзумға Chocofamily рекрутерлері хабарласып, ол сонда Chocofood тамақ жеткізу сервисінің коммерциялық директоры лауазымына дейін көтерілді.

Сонда жұмыс істеп жүргенде ол азық-түлікті 15 минутта жеткізу нишасын байқады – мұндай сервистер Батыста және Ресейде жұмыс істеп тұрған еді. Нәтижесінде олар MVP (ең аз өміршең өнім, яғни алғашқы клиенттер үшін ең аз, бірақ жеткілікті функциялары бар сервис) іске қосып, көппәтерлі үйлердің тұрғындарына ортақ чаттар арқылы қызметтерін тікелей ұсына бастады. Бұл 2020 жылдың қаңтарында – COVID пандемиясы және оған байланысты карантиндік шектеулер басталардан сәл бұрын болды. Дәл осы кезеңде сервис жылдам өсім көрсете бастады, сондықтан дамыту үшін инвестиция тарту туралы шешім қабылданды. Венчурлік инвесторлар бас тартты, бірақ идея Chocofood холдингінің өзін қызықтырды. Осылайша қазір табысты дамып келе жатқан «Рядом» жобасы дүниеге келді.

2020 жылдың күзінде-ақ Магзум жалдамалы жұмыстан кету керек деп шешті және оны 2021 жылдың қаңтарында жүзеге асырды. Дәл осыдан кейін қазір жұмыс күші нарығында табысты жұмыс істеп тұрған EasyTap стартапын іске қосу жолы басталды.

Мәселені анықтап, шешу

Chocofood компаниясында жұмыс істеп жүргенде-ақ Магзум бір мәселені байқады – қызмет көрсету саласындағы қатардағы персоналдың тұрақсыздығы жоғары. Яғни бұрынғы қызметкерлер жиі жұмыстан кететіндіктен, компаниялар үнемі жаңа жұмысшылар іздеуге мәжбүр. Осылайша дәл осы мәселені шешетін стартап идеясы пайда болды.

Осы стартаппен Магзум MOST акселерациялық бағдарламасына қатысты, ал инвестиция сұрап қайтадан Activat VC компаниясына келді.

«Activat VC командасы көптеген дұрыс сұрақтар қойып, біздің жобамызды күл-талқан етіп сынағандай болды. Бірақ сол кезде Марат Толибаев тіпті біздің бизнесімізге емес, маған сенді. Компания бірінші траншқа келісім берді – бұл сол уақыт үшін үлкен сома еді, ол бізге жобамен жұмыс істеуге, түрлі гипотезаларды тексеруге мүмкіндік берді», – дейді Магзум.

Бірақ 2021 жылдың тамызына қарай ақша таусыла бастады, ал нақты нәтиже әлі болмады. Алайда кәсіпкер тоқтамауды ұйғарды, қыркүйекте-ақ EasyTap жобасының қазіргі түріндегі түпкілікті пайымы қалыптасты, ал 2021 жылғы 24 қарашада алғашқы адам сервис арқылы қосымша жұмысқа шықты.

Алдымен жоба командасы чат-боттарды енгізуге тырысып, рефералдық бағдарламалар мен геймификацияны қарастырды. Бір мәселе айқын болды – персоналдың тұрақсыздығы, және оны шешу қажет еді. Шешім компанияларға уақытша жұмысшылар беретін аутсорсингтік агенттіктер бизнесінен табылды.

Бұл процесс цифрландырылмаған еді, сондықтан дәл осы жолмен жүру туралы шешім қабылданды. Ол үшін негізін қалаушы Мәскеуге барып, осы салада жұмыс істеп тұрған стартаптағы процестерді зерттеді. Өнімнің жаңа нұсқасын сынақтан өткізу үшін ірі клиент, мысалы, супермаркеттер желісі қажет болды.

«Алматыға ұшар алдында венчурлік саладағы бір танысыма қоңырау шалып, Magnum супермаркеттер желісінің басшысы Азамат Османовпен байланысуға көмектесуін өтіндім. Ол мұны алдағы апталарда ұйымдастыруға уәде берді. Сол кезде бір ғажайып оқиға болады! Дәл сол жерде, әуежайда мен Азамат Османовты кездейсоқ кездестіремін», – дейді Магзум.

Нәтижесінде желі басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, онда алғашқы келісімге қол жеткізілді және жоба үшін KPI белгіленді. Осыдан кейін венчурлік нарықта инвестиция тартылды, соның есебінен EasyTap толыққанды сервис ретінде іске қосылды.

Компания қосымша жұмыс нарығының пионері болды – ал бұл нарық жылдам өсіп келеді. Қазір сервисті Қазақстан мен Қырғызстандағы 65-тен астам бренд пайдаланады, мысалы, Sportmaster, Adidas, KFC, Food Solutions (ex-McD), Zara және басқалар, ал 120 мыңнан астам адам тіркелді. Сервис аудиториясының өзегі – студенттер, бірақ команда қамтуды кеңейту үстінде жұмыс істеп жатыр.

«Жобаны серіктесім Темирлан Кабылбеков екеуміз кофеханада бастадық, сонда бірнеше ай жұмыс істедік, ал қазір команда 20 адамнан асады», – деп қосты Магзум.

Инвесторлар – стартаптың маңызды бөлігі

Магзум Толеш командасымен бірге жоба идеясына түрлі гипотезаларды көп рет тексеру арқылы келді, нәтижесінде нарықтың мәселесі анықталды. Ал оның шешімі EasyTap стартапы болды. Алайда табыстың маңызды бөлігі осы стартапты іске қосуға және оның дамуын ынталандыруға мүмкіндік берген венчурлік инвестициялар болды.

Инвестормен қарым-қатынаста сенім мен өзара түсіністік маңызды.

«Ең қызығы, Activat VC заңды түрде біздің басқа компаниямызға – жобаның алдыңғы нұсқасымен айналысқан компанияға инвестиция салған. Бірақ біз жаңа өніммен жаңа компания ретінде қайта тіркелгенде, Activat VC салған бұрынғы инвестициялардың EasyTap компаниясында сақталатынына күмәнім де болған жоқ», – дейді Магзум.

Кейінірек жобаға басқа жеке инвесторлар да сенді: Елжан Кушекбаев пен Талгат Исмаил. Осыдан кейін бизнес-ангел Мурат Абдрахмановтан, MOST Ventures қорынан, Тимур Турловтан және басқалардан инвестиция раундтары болды. Осы инвестициялардың бәрі EasyTap стартапының өсуіне көмектесті.

Магзум Толеш Қазақстандағы венчурлік нарық табысты дамып келе жатқанына сенімді: оның айтуынша, нарық білім беру саласы мен мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастап венчурлік капиталистер мен стартапшылардың өздеріне дейін «барлық ойыншылардың арқасында айтарлықтай өсті».

«Біз оны бірге өсіріп жатырмыз, менің ойымша, Қазақстанда дәл IT-индустрия мен венчурлік сектор жақсы дамыған. Мұның дәлелі – стартаптар алып жатқан инвестиция сомалары», – деп есептейді кәсіпкер.

Шынында да, 5-10 жыл бұрын Қазақстандағы венчурлік нарық шағын әрі жария емес болса, қазір стартап-хабтар мен инкубаторлар инфрақұрылымының дамуымен, сондай-ақ көптеген стартаптардың пайда болуымен ол жылдам дами бастады.

Мысалы, MOST Holding, White Hill Capital және АХҚО Tech Hub әзірлеген «Venture Capital Market Overview in Kazakhstan» зерттеуінде 2018 жылдан 2022 жылға дейін еліміздің венчурлік нарығындағы мәмілелердің жалпы көлемі шамамен 87 млн доллар болғаны айтылады. Бұл жария мәмілелер бойынша деректер, ал іс жүзінде нарық көлемі 140 млн доллардан асуы мүмкін.

Бұл нарықта жекелеген қорлар да, жеке ойыншылар да әрекет етеді. Олар стартаптармен бірге Қазақстанда азаматтар мен бизнестің өмірін жақсартатын жаңа компаниялардың пайда болуына үлес қосады.

10 ноя 2023