Жаңадан бастаушыларға арналған инвестиция. 2024 жылы неден бастау керек?

Автор: Исмаил Хасанов

Категория: Мақалалар

Жаңадан бастаушыларға арналған инвестиция. 2024 жылы неден бастау керек?

Инвестиция – бұл негізгі жұмыстан кетпей-ақ ақша табудың қосымша мүмкіндігі.

Кең таралған пікірге қарамастан, инвестиция – қор биржасында сауда жасайтын қымбат костюм киген адамдар туралы әңгіме емес. Қазір интернетке қолжетімділігі және аз ғана бастапқы капиталы бар кез келген адам қосымша табыс таба алады. Инвестициялауды қалай бастау керектігін және адал еңбекпен тапқан ақшаңызды әртүрлі активтерге салмас бұрын нені білу қажет екенін айтып береміз.

Мазмұны:

  1. Инвестиция деген не?
  2. Инвестициялаудың қандай түрлері бар
  3. Инвестициялау ережелері
  4. Қандай сомадан бастауға болады
  5. Қайда инвестиция салу керек? Активтердің түрлері туралы айтамыз
    1. Депозиттер
    2. Акциялар
    3. Облигациялар
    4. Жылжымайтын мүлік
    5. Бағалы металдар
    6. Валюта трейдингі
    7. Криптовалюта трейдингі
    8. Стартаптар
  6. Жаңадан бастаған инвесторлар жиі жіберетін қателіктер
  7. 2024 жылғы инвестиция трендтері


Инвестиция деген не?

Кардинал Ришелье немесе 17 ғасырдағы Франция үкіметінің басшысы ретінде баршаға белгілі Арман Жан дю Плесси Ришелье былай деген: “Қаржы – Архимед айтқандай, бүкіл әлемді төңкеріп тастауға мүмкіндік беретін тірек нүктесі”.

Бұл ой біздің заманымызда тек өзектірек бола түсті. Адамның өмір сапасы мен оның барлық дерлік мүмкіндіктері қаржылық жағдайына байланысты. Бірақ арманыңызды орындауға – мысалы, баспана сатып алуға немесе оны кеңейтуге, жаңа көлік алуға, балаларыңызды оқытуға немесе қартайған шағыңызды қамсыз өткізуге ақшаңыз жетпесе, не істеу керек? Мұның бәріне несие алуға болады, бірақ инвестиция арқылы табыс табуға болатын болса, оның не қажеті бар?

Қарапайым тілмен айтқанда, инвестиция – пайда алу үшін өз капиталыңызды салу. Онымен кәсіпкерлер ғана емес, жеке тұлғалар да айналысады. The Wall Street Journal деректері бойынша, 2022 жылы Америка Құрама Штаттары азаматтарының шамамен 58%-ы акцияларға иелік еткен.

Бұл елдегі инвестициялық индустрияның жоғары дамуының, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жоғары болуының салдары. Азаматтар капиталды жалдамалы еңбекпен ғана емес, инвестиция арқылы да жинауға тырысады.

Қазақстанда инвестициялау әзірге мұндай жоғары деңгейде емес. Инвестицияға маманданған Corner.kz сайтының деректері бойынша, қазақстандық қор нарығындағы инвесторлар саны ел халқының шамамен 3,5%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш Батыс елдерінен, мысалы, АҚШ-тан едәуір артта қалып отыр, бірақ ол тұрақты түрде өсуде. 2023 жылдың басынан бері ғана қазақстандықтардың қор нарығындағы инвестициялық шоттарының саны төрттен бірге өсті.

Мұның себебі – қаржылық сауаттылықтың артуы және қор нарығының қолжетімді бола түсуі. Пандемия брокерлер мен банктерді, мысалы, қазақстандық және әлемдік компаниялардың акцияларына инвестиция салуға көмектесетін сервистерді көбірек құруға итермеледі. Олардың қысқаша шолуын мына жерден оқи аласыз.

Қазақстандық “Курсив” басылымы былай деп жазады: “Жаңа мобильді қосымшалар клиенттерге кеңсеге бармай-ақ, қашықтан шот ашып, қор нарығында сауда жасауды бастауға мүмкіндік береді”.

Сонымен қатар мұндай сервистердің қаражатқа қоятын талаптары өте төмен. Шартты түрде айтқанда, сіз кем дегенде бір акцияны – тіпті ең арзанын сатып алудан инвестициялауды бастай аласыз.

2023 жылы инвестиция үшін одан да көп мүмкіндік пайда болды, олар сізге 2024 жылы инвестиция салып, сенімді түрде табыс табуға жол ашады.

Инвестициялаудың қандай түрлері бар

Инвестициялау тәсілін екі түрге бөлуге болады: өзіңіз инвестиция саласыз немесе ақшаңызды басқаруды басқа біреуге сеніп тапсырасыз. Екінші нұсқадан бастайық.

Сіз сенімгерлік басқарушылардың қызметін пайдалана аласыз. Олар – клиенттің атынан активтер портфелін басқаратын қаржы және инвестицияны басқару саласының кәсіпқойлары. Олардың мақсаты – клиент үшін тәуекелдерді азайта отырып, табысты барынша арттыру.

Сіз оларға белгілі бір активтерді тапсырасыз, ал олар бұл активтерді пайда табу үшін пайдалана бастайды. Бұған қаржы нарықтарын талдау, клиенттің мақсаттарына сәйкес инвестициялық портфель қалыптастыру және шығынды азайту үшін тәуекелдерді басқару кіреді.

Сенімгерлік басқарушылар – жеке мамандар да, арнайы компаниялар да болуы мүмкін. Оларды таңдағанда тәжірибесіне, арнайы білімінің болуына және, әрине, басқа клиенттермен жұмыстағы табысты нәтижелеріне назар аудару керек.

Әдетте сенімгерлік басқарушылар ірі сомалармен жұмыс істейді (шартты түрде 10 мың доллар және одан жоғары), ал егер бұл сізге сәйкес келмесе, пайлық инвестициялық қор (немесе ПИҚ) бар. ПИҚ құрушылар акциялар мен облигацияларды сатып алып, инвестициялық портфель қалыптастырады. Оған ең тиімді әрі перспективалы бағалы қағаздарды енгізуге тырысады.

Мұндай қағаздар жеке-жеке алғанда көбіне қымбат тұрады, ал жаңадан бастаған инвесторлар олардың құнының өсуінен немесе дивидендтерден айтарлықтай пайда алу үшін оларды жеткілікті мөлшерде өз бетінше сатып ала алмайды.

“Жеке қаржы” кітабының авторы Виктория Ильина былай деп жазады: “Портфель қалыптасқан соң, құрушылар инвесторларға “пайларды”, яғни портфельдің шағын бөліктерін, әдетте төмен бағамен сатып алуды ұсынады. Пай иесі нәтижесінде портфельдегі барлық акциялар мен облигациялардан табыс алады.”

Оның айтуынша, бұл тәсілдің артықшылығы – ПИҚ-ты перспективалар мен тәуекелдерді сенімдірек есептей алатын кәсіби инвесторлар немесе брокерлік компаниялар басқарады. Тіпті акциялары ПИҚ құрамындағы компаниялардың бірі күйреп қалса да, қалғандары оны өз табыстылығымен өтей алады.

Ал егер сіз инвестициялауды енді ғана бастап жатсаңыз немесе ақшаңызды бөгде адамға сеніп тапсыруға дайын болмасаңыз, онда сіздің жолыңыз – өз бетіңізше инвестициялау. Бұл жағдайда инвестор нарықты өзі зерттеп, активтерді сатып алу немесе сату мәмілелерін өзі жасайды. Мұнда табыстылық пен тәуекелдердің арақатынасына мұқият болу керек.

Инвестициялау ережелері

Инвестициялаудың басты ережесі – “жоғары табыстылық – жоғары тәуекелдер”. Ең аз бастапқы капиталмен, мысалы, валюта бағамының өзгеруінен өте көп ақша табуға болады. Бірақ болжамыңыз ақталмауы мүмкін, сонда сіз барлық ақшаңыздан айырыласыз.

Және керісінше, сіз дамыған мемлекеттің, мысалы, АҚШ-тың облигацияларын сатып алып, жылына 1-2% табыс ала аласыз. Бірақ бұл ретте ақшаңыз бен пайдаңызды қайтарып алатыныңызға 100%-ға жуық кепілдік бар.

Барлық ақшаны бірден жоғалтпау, бірақ тым аз табыс таппау үшін инвестициялау ережелерін сақтау қажет.

  1. Біріншісі – өзіңізге қаржылық мақсат қойыңыз. Бұл белгілі бір жылға қарай жинау қажет нақты сома немесе қандай да бір нақты мақсат болуы мүмкін. Мысалы, сізге балаларыңыздың шетелдегі оқуына ақы төлеуге дайындалу керек немесе зейнеткерлікке шыққан соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тәуелді болғыңыз келмейді. Бұл инвестицияны сіз үшін саналырақ әрі нақтырақ етеді.

  2. Екіншісі – инвестициялық активтеріңіз қалай бөлінетінін ойластырыңыз. Активтерді бөлу – табыстылық пен тәуекел арасындағы теңгерімге қол жеткізу үшін инвестицияларыңызды әртүрлі актив түрлеріне бөлетін инвестициялау стратегиясы.

Мысалы, сіз валюталарды (бағамның түсу тәуекелі жоғары, бірақ оның өсуінен әлеуетті табыстылық та жоғары), акцияларды (компания тұрақты болса, тәуекел орташа) және облигацияларды (тәуекел төмен, бірақ табыстылық та төмен) ұстай аласыз.

Мысалы, қазақстандық брокерлік компанияның портфель қалыптастыру жөніндегі ұсынымдарын оқуға болады.

“Нарық қатысушылары портфельдік салымдарға бекер назар аудармайды. Биржадағы жекелеген акциялар жылдар бойы, тіпті ондаған жылдар бойы өсуі мүмкін. Бірақ кез келген компанияның бір күні құлдырау тәуекелі бар. Сондықтан оны сақтандырып, қаражатты әртүрлі активтерге бөлу керек. Сонда нақты бағалы қағаздардың нәтижелері соншалықты маңызды болмайды. Кейбір идеялар бойынша шығындарды тіпті еш қиындықсыз көтеруге болады. Өйткені барлық инвестициялардың жалпы нәтижесі оң болады. Өздеріңіз білетіндей, мұндай бөлу әртараптандыру деп аталады. Ол тәуекелді азайтуға және әлеуетті тиімді мүмкіндіктерді көбірек пайдалануға көмектеседі”, – деп жазады Freedom Broker компаниясының талдаушылары.

Инвестициялық портфеліңіздегі активтерді бөлудің бірнеше маңызды қадамы бар.

– Әртүрлі актив сыныптарын түсініп алыңыз. Акциялар, облигациялар, жылжымайтын мүлік, валюталар немесе криптовалюталар сияқты актив түрлерін зерттеңіз. Осыдан кейін тәуекел деңгейі мен әлеуетті табыстылығы бойынша сізге қай активтер көбірек сай келетінін анықтаңыз.

– Пайыздық арақатынасты анықтаңыз. Портфеліңіздің қанша пайызы әр актив түріне салынатынын шешіңіз. Қаржылық мақсатыңызға жету мерзімі неғұрлым қысқа болса, портфельге қандай активтерді енгізу керектігін соғұрлым мұқият ойластыру қажет – барлық ақшаны бірден жоғалтпау маңызды. Ал егер уақытыңыз көп болса, мысалы, зейнетақыға жинақтаған кезде, портфеліңізге жоғары тәуекелді активтерді көбірек енгізе аласыз – ұзақ мерзімде, қаржы дағдарыстарына қарамастан, акциялар әрдайым дерлік айтарлықтай өседі.

– Бөлуді үнемі қадағалаңыз. Портфеліңізді жүйелі түрде қайта қарап, нарықтағы жағдай өзгерсе, оны өзгертіңіз. Мүмкін, кейбір акциялардан арылу керек, ал кейбіреулері перспективалы көрінеді.

– Активтердің алуан түрлілігін қадағалаңыз. Әртүрлі салалар мен елдердің активтерін сатып алу портфельдің жалпы тәуекелін азайтуға көмектеседі. Егер бір елде дағдарыс болса, екіншісінде экономика күрт өсуі мүмкін, бұл сол ел компаниялары акцияларының қымбаттауына да әкеледі.

Әрбір инвестордың бірегей екенін және портфель құрудың әмбебап рецепті жоқ екенін есте сақтаңыз. Бірақ сенімді болмасаңыз, брокерлік компаниялардың ұсынымдарын іздеуге болады – әдетте олар әртүрлі компаниялардың акцияларына шолуды ашық жариялайды.

Қандай сомадан бастауға болады

Бұл сұраққа дұрыс жауап жоқ. Барлығы неге инвестиция салуды жоспарлап отырғаныңызға және қанша бос қаражатыңыз бар екеніне байланысты. Мысалы, қазақстандық қор нарығында 1 мың теңгеден инвестициялауды бастауға болады – Қазақстан қор биржасынан “Қазақстан Халық Банкінің” (Halyk Bank) бірнеше акциясын сатып алып, олардан жылына бір рет дивиденд ала аласыз. 100 долларыңыз болса, KASE биржасынан Twitter, Pfizer немесе Bank of America сияқты американдық компаниялардың бірнеше акциясын сатып ала аласыз.

Бірақ ақшаңыз неғұрлым көп болса, соғұрлым көп құрал қолжетімді болады. Мысалы, бірнеше мың долларыңыз болса, ақшаңызды сенімгерлік басқаруға беруге немесе ПИҚ-қа салуға болады (қазақстандық нарықта әдетте 1 мың доллардан бастап).

Мұндағы басты ереже ақшаға деген көзқараста жатыр. Инвестиция әрқашан тәуекел және барлық салымыңыздан айырылу мүмкіндігі екенін есте сақтаңыз. Сондықтан “соңғы” немесе қарызға алған ақшаға инвестиция салу ұсынылмайды. Шешім қате болса, инвестицияны жоғалтуға болады, бірақ бұл сіздің өмір сапаңызға әсер етпеуі керек.

Қайда инвестиция салу керек? Активтердің түрлері туралы айтамыз

Қазақстанда отандық та, шетелдік те түрлі активтер қолжетімді. Олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық.

Депозиттер

Бұл – инвестициялаудың ең дәстүрлі тәсілі. Депозиттерге инвестиция салу сенімділікті бағалайтын және тәуекелдің төмен деңгейі үшін әлеуетті табыстың бір бөлігін құрбан етуге дайын адамдарға лайық.

Депозиттерге инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Тұрақтылық. Қазақстанда депозиттерге мемлекет кепілдік береді (теңгедегі жинақ салымдары бойынша 20 миллион теңгеге дейін, теңгедегі басқа депозиттер бойынша 10 миллион теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеге дейін). Бұл банк банкротқа ұшыраса да, ақшаның қайтарылуына кепілдік береді.

  • Кепілдендірілген табыстылық. Салымнан бір жылда қанша табыс алатыныңызды алдын ала білесіз.

  • Өтімділік. Депозитті толықтыру немесе одан барлық ақшаны алу оңай.

Енді депозиттерге инвестиция салудың кемшіліктері:

  • Төмен табыстылық. Депозиттер белгілі бір табыстылық береді, бірақ ол сол кезеңдегі акциялар құнының өсуінен түсетін пайдадан аз болуы мүмкін.

  • Инфляцияның әсері. Депозит бойынша табыстылықтың елдегі инфляциядан жоғары болуын қадағалау керек.

Акциялар

Компанияның акциясын сатып ала отырып, сіз оның тең иелерінің біріне айналасыз және, тиісінше, акция бағасының өсуінен түсетін табысқа және оның пайдасынан төленетін дивидендтерге үміткер боласыз.

Акцияларға инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Құнның өсу әлеуеті. Акциялардан пайда ең алдымен олардың құнының өсуінен түседі. Арзанға сатып алдыңыз – қымбатқа саттыңыз.

  • Дивидендтер. Компаниялардың көпшілігі өз акционерлеріне пайдадан дивиденд төлейді. Бұл тұрақты табыс береді, оны шығарып алып, өз қажеттіліктеріңізге жұмсауға немесе қайта инвестициялауға болады.

  • Өтімділік. Ірі компаниялардың акциялары өте

өтімді, яғни оларды қор биржасында тез сатып алуға немесе сатуға болады.

Бірақ акцияларға инвестиция салудың кемшіліктері де бар:

  • Құнның төмендеу тәуекелі. Акциялар жылдар өте келе өсуі мүмкін болғаны сияқты, компанияның ісі онша жақсы жүрмесе, құнсыздануы да мүмкін.

  • Экономикалық тәуекел. Компания жұмыс істейтін елде дағдарыс басталуы мүмкін, сонда бизнестің ісі жалпы жақсы жүріп жатса да, нарықтағы жағымсыз көңіл-күйге байланысты оның акцияларының құны түседі.

  • Дивидендтердің белгісіздігі. Дивидендтерге кепілдік берілмейді, компаниялар өздерінің қаржылық жағдайына қарай олардың мөлшерін өзгертуі немесе тіпті төлемдерді тоқтатуы мүмкін.

  • Терең талдау қажеттілігі. Компанияның акцияларын сатып алмас бұрын оның жай-күйін, қаржылық есептілігін және ол жұмыс істейтін нарықтың перспективаларын мұқият зерттеу керек.

Облигациялар

Облигациялар – компания немесе мемлекет биржада шығаратын борыштық бағалы қағаздар. Эмитент өз дамуы үшін инвесторлардан қарызға ақша алып, оны белгілі бір мерзімнен кейін (бір-екі-үш жыл) пайызымен қайтаруға міндеттенеді. Әдетте бұл онша жоғары емес пайыздар, бірақ қайтарылу кепілдігі жоғары.

Облигацияларға инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Табыстың тұрақтылығы. Облигациялар төленетін пайыздар түрінде тұрақты әрі болжамды табыс береді.

  • Негізгі соманың қайтарылу сенімділігі. Акциялардан айырмашылығы, облигациялар эмитентті мерзімі өткен соң инвестицияның бүкіл сомасын, оның үстіне пайызымен қайтаруға міндеттейді.

  • Портфельді әртараптандыру. Облигацияларға инвестиция салу инвестициялық портфеліңіздегі тәуекел деңгейін төмендетуге көмектеседі.

  • Өтімділік. Ірі компаниялардың немесе тұрақты мемлекеттердің облигациялары акциялардан да өтімдірек. Оларды қайталама нарықта сатып алуға немесе сатуға болады.

Облигацияларға инвестиция салудың кемшіліктері де бар:

  • Құнның өсу әлеуеті төмен. Облигациялардың көпшілігінің бағасы өспейді.

  • Инфляцияның әсері. Облигациялар бойынша пайыз төмен болса, бүкіл табысты инфляция жеп қоюы мүмкін (Қазақстан үшін өзекті).

  • Эмитент тәуекелі. Облигацияларды шығарған компания пайыздарды төлей алмаса немесе негізгі соманы қайтара алмаса, инвесторлар шығынға ұшырауы мүмкін. Ал банкроттықтың ұзақ рәсімдеріне байланысты инвестицияны қайтару кешігуі мүмкін.

Жылжымайтын мүлік

Қазақстандағы инвестицияның ең танымал нысандарының бірі. Адамдарға әрқашан баспана керек болады, ал халық санының өсуі және қалаларға көші-қон тұрғын үй бағасын өсіреді.

Жылжымайтын мүлікке инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Инвестицияның тұрақтылығы. Жылжымайтын мүлік – сіз тікелей иелік ететін және өзіңіз пайдалана алатын немесе жалға бере алатын нақты, көзге көрінетін нысан.

  • Уақыт өте келе құнның өсуі. Ұзақ мерзімді перспективада жылжымайтын мүліктің бағасы әрқашан өседі.

  • Салықтық жеңілдіктер. Қазақстанда тұрғын үйді “Отбасы банк” арқылы сатып алсаңыз, салықтық шегерімді пайдаланып, мемлекетке аз салық төлей аласыз.

  • Портфельдегі тәуекелдің төмендеуі. Жылжымайтын мүлік – әрқашан өзіңізде қалатын ең тұрақты активтердің бірі.

Әдеттегідей, жылжымайтын мүлікке инвестиция салудың кемшіліктері де бар:

  • Өтімділік. Жылжымайтын мүлік акцияларға, облигацияларға немесе валютаға қарағанда ұзағырақ сатылады.

  • Нарыққа кірудің жоғары шегі. Пәтер немесе үй сатып алу, тіпті ипотекамен алуды жоспарласаңыз да, көп ақшаны талап етеді.

  • Нарық тәуекелдері. Дағдарыстар тұрғын үй құнына сол сәтте әсер етуі мүмкін, 2000-жылдардың соңында әлемдік қаржы дағдарысына байланысты Қазақстанда дәл осылай болған. Ол кезде жылжымайтын мүліктің барлығы дерлік тез арзандап кетті.

  • Күтіп-ұстау. Жылжымайтын мүлікті қадағалап, оның тартымды күйін сақтауға қаражат салу керек, әсіресе тұрғын үйді жалға берсеңіз.

  • Орналасқан жерге тәуелділік. Мүлкіңіз неғұрлым жақсы жерде орналасса, ол соғұрлым қымбат тұрады, әсіресе қала қарқынды өсіп, тұрғын үйге сұраныс болса.

Бағалы металдар

Инвестицияның ең сирек түрлерінің бірі, дегенмен Қазақстанда бар. Негізінен алтын мен күміс туралы сөз болады, басқа металдар немесе минералдар әлдеқайда сирек кездеседі.

Бағалы металдарға инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Құнның сақталуы. Бағалы металдар, әсіресе алтын, дәстүрлі түрде құнды сақтау құралы ретінде қарастырылады. Олар инфляциядан және валюта ауытқуларынан қорғай алады. Әдетте дағдарыс кезінде дәл алтынның бағасы өседі.

  • Ешкімге тәуелді болмау. Сіз акциялар мен облигациялардағыдай қандай да бір компанияның табысына немесе пәтеріңізге ақша салған тұрғын үй кешенін салып бітірмеуі мүмкін құрылыс салушыға тәуелді болмайсыз.

  • Өтімділік. Алтын мен күміс салыстырмалы түрде өтімді. Егер сізде физикалық металл болса, оны тез ақшаға айырбастай аласыз, ал металға байланған бағалы қағаздарды сатып алсаңыз, оларды биржада тез сата аласыз.

Бағалы металдарға инвестиция салудың кемшіліктері:

  • Металдар табыс әкелмейді. Бағалы металдар, мысалы, акциялар немесе облигациялар сияқты пайыз немесе дивиденд түрінде табыс бермейді. Оларды тек құны өскенде ғана сата аласыз.

  • Бағаның құбылмалылығы. Қор нарығында үлкен өсім болса, бағалы металдардың нарықтағы бағасы өзгеруі мүмкін. Инвесторлар ақшаны сонда аударып, оны металдарда сақтауды тоқтатады.

  • Сақтау қажеттілігі. Физикалық металл сатып алатын инвесторлар оны қауіпсіз сақтау қажеттілігіне тап болады. Бұл қосымша шығынға әкеледі, мысалы, сейф алуға немесе банк ұяшығына ақы төлеуге.

  • Қаржы құралын мұқият таңдау қажет, егер биржадан металдарға байланысты бағалы қағаздар сатып алсаңыз.

Валюта трейдингі

Ақша табуды қалағанда ойға алғашқы келетін құралдардың бірі. Біз мұны қолма-қол ақшаны сақтау мысалында емес, Forex-те сауда жасау мысалында қарастырамыз.

Валюта трейдингінің артықшылықтары:

  • Өтімділік. Forex нарығы әлемдегі ең өтімді нарықтардың бірі, бұл жоғары қолжетімділікті және мәмілелерді тез жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

  • Сауда жұптарының алуан түрлілігі. Forex валюта жұптарының кең таңдауын ұсынып, трейдерлерге құралдарды таңдауға мүмкіндік береді. Бұл әдеттегі теңге-доллар, еуро-доллар немесе теңге-рубль жұптары ғана емес, әлемнің барлық мүмкін валюталары.

  • Шексіз мүмкіндіктер. Forex нарығы тәулік бойы жұмыс істейді, трейдерлер тәуліктің кез келген уақытында сауда жасай алады, бұл икемді кесте құруға мүмкіндік береді.

Интернеттегі валюта трейдингінің кемшіліктері:

  • Жоғары тәуекел. Валюта бағалары үнемі өзгеріп отырады және көптеген факторларға, соның ішінде ең күтпеген факторларға, мысалы, геосаяси тұрақсыздыққа байланысты.

  • Талдаудың күрделілігі. Валюта нарықтарын талдау макроэкономикалық факторларды, саясатты және жаһандық оқиғаларды түсінуді талап етеді, бұл жаңадан бастағандар үшін қиын болуы мүмкін.

Криптовалюта трейдингі

Инвестициядағы жаңа үрдіс, оның пайда болғанына 10 жылдан сәл ғана асты. Артықшылықтары мен кемшіліктері көп жағынан кәдімгі валютаға ұқсас, бірақ бір ерекшелігі бар – инвестиция салмас бұрын криптовалюталардың жұмыс істеу қағидаттарын зерттеңіз. Бұл инвестиция саласындағы жаңадан бастаушылардың шамасы келмейтін іс болуы мүмкін.

Криптовалюта саудасының артықшылықтары:

  • Жоғары құбылмалылық. Бұл нарық жоғары құбылмалылығымен ерекшеленеді, бұл қысқа уақыт ішінде пайдалы сауда жасауға жол ашуы мүмкін.

  • Қолжетімділік. Криптовалюта саудасы ең аз инвестиция сомасымен іс жүзінде барлық инвесторларға қолжетімді.

  • Орталықтандырудың болмауы. Криптовалюта нарығында мемлекеттік немесе қаржы институттары тарапынан реттеу жоқ. Сондықтан олардың нарыққа ықпалы төмен.

Криптовалюта трейдингінің кемшіліктері:

  • Реттеудің жеткіліксіздігі. Криптовалюта биржаларының көпшілігі ешқандай реттелмейді, сондықтан ұрлық немесе биржаның жабылуы салдарынан барлық ақшадан айырылу тәуекелі бар.

  • Жаңа нарық. Криптовалюта нарығы салыстырмалы түрде жаңа, оның тұрақсыздығы мен болжауға келмейтіндігі инвесторлар үшін үлкен тәуекел болып табылады.

  • Техникалық тәуекелдер. Криптовалюталардың техникалық аспектілерін және цифрлық активтеріңізді қауіпсіз сақтау қағидаттарын түсіну керек. Оларды банк картасына сала салмайсыз.

  • Сыртқы факторлардың әсері. Реттеу болмаса да, саяси шешімдер криптовалюталардың бағасына әсер етеді. Мысалы, Қытай криптовалюталарды пайдалануға тыйым салатынын жариялағанда, бұл олардың құнының күрт төмендеуіне әкелді.

Стартаптар

Жаңа технологияларды енгізетін перспективалы компанияларға инвестиция салу айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін. Бірақ стартап “жарқ етпесе”, барлық ақшадан дәл солай айырылуға да болады.

Стартаптарға инвестиция салудың артықшылықтары:

  • Жоғары табыс әлеуеті. Сәтті болған жағдайда стартаптар инвесторларға инвестицияның дәстүрлі түрлерінен алуға болатын табыстан бірнеше есе асатын жоғары табыс бере алады.

  • Белсенді қатысу мүмкіндігі. Акциялардан айырмашылығы, стартап инвесторлары компанияның дамуына ықпал ете алады, бұл бүкіл кәсіпорынның табысқа жету ықтималдығын арттыруы мүмкін.

  • Перспективалы компанияларға ерте қолжетімділік. Стартап инвесторлары компанияларға олардың дамуының алғашқы кезеңдерінде, акция бағасы әлі төмен кезде инвестиция салу мүмкіндігіне ие болады.

Стартаптарға инвестиция салудың кемшіліктері:

  • Жоғары тәуекел. Стартаптардың көпшілігі пайда табуға болатын сәтке дейін жетпейді.

  • Белгісіздік. Компания жаңа нарықта жұмыс істеуге тырысқанда, оның перспективалары өте бұлыңғыр болады. Сәттілікті немесе сәтсіздікті болжау қиын.

  • Өтелудің ұзақ мерзімі. Стартаптарға салынған инвестициялар компания пайда әкеле бастағанға дейін өтелу үшін көбіне ұзақ уақытты талап етеді.

  • Шектеулі өтімділік. Стартаптардың акциялары онша өтімді емес. Мұндай инвестициялардан шығу өте қиын.

  • Стартап командасына тәуелділік. Инвесторлар компанияның дамуына қатыса алса да, бүкіл табыс стартаптың негізін қалаушылары мен қызметкерлеріне байланысты. Олардың қателіктері мен дұрыс емес гипотезалары бизнестің жабылуына әкелуі мүмкін.

Жаңадан бастаған инвесторлар жиі жіберетін қателіктер

Егер сіз инвестиция саласындағы жолыңызды енді бастап жатсаңыз, табысқа жетуіңізге кедергі келтіруі мүмкін бірнеше кең таралған қателіктен аулақ болуыңыз керек. Олардың бірнешеуін атап өтейік:

  1. Білімнің жетіспеуі. Кейбір жаңадан бастаған инвесторлар оқуды және инвестиция салмақ болған нарықты зерттеуді елемейді. Инвестициялық құралдар мен нарықты жеткіліксіз түсіну қате шешімдер қабылдауға әкеледі.

  2. Стратегияның болмауы. Кейбір инвесторлар нақты стратегиясыз және мақсатты көрсеткіштерсіз жұмыс істей бастайды. Бұл ойланбай салынған инвестицияларға, демек, табыстан немесе тіпті барлық ақшадан айырылуға әкелуі мүмкін.

  3. Тым жоғары тәуекел. Кейбір жаңадан бастаған инвесторлар тым агрессивті болып, өздерінің қаржылық мақсаттарын және тәуекелге, үрейге төзімділігін ескермей, капиталының тым үлкен бөлігін жоғары тәуекелді активтерге салуы мүмкін.

  4. Нарық төмендегенде үрейлену. Жаңадан бастаған инвесторлар акция немесе валюта нарығы құлдырағанда үрейге беріліп, қосымша шығыннан қорқып, активтерін сатып жіберуі мүмкін. Эмоцияға берілген шешімдер шығынға әкелуі мүмкін.

  5. Ұзақ мерзімді перспективаларды елемеу. Кейбір инвесторлар тек қысқа мерзімді трендтер туралы ойлап, ұзақ мерзімді перспективаларды ұмытады. Ақпараттық шуды шын мәнінде маңызды факторлардан ажырата білу маңызды.

  6. Портфельдің жеткіліксіз әртүрлілігі. Кейбір инвесторлар портфелін әртараптандырмай, тек бір актив түріне шоғырланады немесе шектеулі сандағы компанияларға инвестиция салады. Бұл тәуекелді арттырады.

  7. Шығындар мен комиссияларды елемеу. Жаңадан бастаған инвесторлар комиссия шығындары мен салықтардың түпкілікті табысқа әсерін жете бағаламауы мүмкін. Тым жиі жасалатын мәмілелер брокерге үлкен комиссия төлеуге әкеледі, бұл пайданың бір бөлігін жеп қояды.

  8. Басқа инвесторларға талдаусыз еліктеу. Табысты инвесторларға еліктеу пайдалы болуы мүмкін, бірақ шешімдердің қалай қабылданғанын түсінбей, ойланбай көшіру қателіктерге және ақшадан айырылуға әкелуі мүмкін.

“Инвестициялау – ұзақ мерзімді процесс, табысты инвесторлар әдетте алысқа қарайды және ақша салмақ болған нәрсенің бәрін мұқият зерттейді”, – дейді астаналық экономикалық шолушы Юрий Масанов.

2024 жылғы инвестиция трендтері

2024 жылғы инвестицияның негізгі трендтерін қазақстандық “Курсив” басылымы жақсы сипаттап берді . Журналистер сарапшылардан қайда инвестиция салудың мәні бар екенін сұрады.


Мысалы, Halyk Finance брокерлік компаниясының бас талдаушысы Сакен Исмаилов бірінші қажеттілік тұтыну тауарлары секторына, мысалы, денсаулық сақтау, коммуналдық және телекоммуникациялық қызметтерге назар аударуға кеңес береді. “Бұл секторлардың компаниялары, әдетте, экономика баяулаған кезеңдерде өз тауарлары мен қызметтеріне сұраныстың тұрақтырақ болуының арқасында тұрақты серпін көрсетеді. Сонымен қатар мұндай компаниялар жақсы дивидендтік табыстылық ұсынады”, – деп жазады “Курсив”.

Сондай-ақ Halyk Finance талдаушылары өсу драйверлері бар секторларға назар аударды – бұл тұрғын үй жылжымайтын мүлкі, алкогольсіз сусындар мен темекі өнімдерін өндіру, бұлттық технологиялар және жартылай өткізгіштер өнеркәсібі секторлары, сондай-ақ электромобильдер мен e-commerce секторлары.

Қазақстандық Freedom Broker брокерлік компаниясы да 2024 жылға арналған болжамдарын жариялады. Компания талдаушылары биыл қазақстандық қор нарығын (KASE және AIX биржалары) қолдайтын төрт факторды анықтады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің төмендеуі бар: бұл депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуіне әкеледі, ал көбірек инвестор жоғарырақ табыс іздеп қор нарығына көшеді.

Сондай-ақ акциялары KASE және AIX биржаларында бар қазақстандық компаниялардың “іргелі өсу әлеуеті” бар екені маңызды.

“Қуатты ралли мен KASE-тің тарихи максимумдарда тұрғанына қарамастан, биржада ұсынылған эмитенттер үшін жағдай бұрынғыдай оң көрінеді. Құрамына кіретін бағалы қағаздарды бағалауға сүйенсек, индекстің (KASE) өсу әлеуеті 15,6%-ды құрайды”, – делінген Freedom Broker талдаушыларының шолуында.

Екінші жағынан, депозиттердің тартымдылығы төмендейді, сондықтан олардың инвестициялық портфеліңіздегі үлесін шектеген жөн.

Сондай-ақ “Курсив” алтын бойынша болжамдарды келтірді. Атап айтқанда, BCC Invest компаниясының талдау басқармасының бастығы Султан Жумагалидің айтуынша, 2023 жылы алтын бағасы жақсы ұсталып тұрды. Қазынашылық облигациялардың жоғарырақ кірістілігі алтынды инвестициялық қоғамдастық үшін тартымдылығы төмен активке айналдырғандықтан, нарықта алтынға инвестиция салатын қорлардан қаражаттың айтарлықтай кетуі байқалды. “Соған қарамастан, инвестициялық сұраныстың әлсіздігі орталық банктердің ауқымды сатып алуларымен өтелді”, – деп атап өтеді Султан Жумагали.

Жақын арада биткоинге негізделген алғашқы биржалық сауда қоры (ETF – ПИҚ-қа ұқсас қор) тіркелетіндіктен, криптовалюта нарығы өсуге серпін алуы мүмкін. Ірі инвестициялық компаниялардың көпшілігі криптовалюталарды танылған актив сыныптарының қатарына енгізіп те қойған.

Егер биткоинге негізделген алғашқы қор тіркелсе, бұл жеке тұлғалар тарапынан ғана емес (қазіргідей), инвестициялық компаниялар тарапынан да сұраныс тудырады. Бұл актив түріне деген сұранысты арттырады.

Алайда жалпы алғанда болжамдар тек болжам екенін және қандай да бір активтерге инвестиция салуға тек өзіңіздің жеке талдауыңыз ғана негіз бола алатынын есте сақтау керек. Әлемдегі жағдай тез өзгеруі мүмкін, сондықтан ықтимал тәуекелдерді азайту үшін нарықтың жай-күйін үнемі қадағалап, қажет болған жағдайда портфельді өзгертіп отыру керек.

3 янв 2024