StoreDot қазақстандық кәсіпкерлерден $800 мың тартты

Категория: Жаңалықтар

StoreDot қазақстандық кәсіпкерлерден $800 мың тартты

Электромобильдерді жылдам зарядтауға арналған құрылғылар әзірлейтін израильдік StoreDot стартапы қазақстандық кәсіпкерлерден $800 мың инвестиция алады, деп хабарлады Raison инвестициялық компаниясы.

StoreDot-тың стратегиялық инвесторлары мен серіктестері — BP, Daimler, VinFast, Volvo Cars, Polestar, Ola Electric, Samsung, TDK және компанияның өндірістік серіктесі EVE Energy. Қазақстандық инвесторлар өз қаражатын кейінгі кезеңде — Series D раундында салған, деп нақтылады компания Forbes Kazakhstan басылымына. Стартаптың ерте кезеңдегі инвесторы қазақстандық кәсіпкер Кенес Ракишев болды (Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің рейтингінде № 19 орында, 2024 жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын $435 млн деп бағалады).

«StoreDot бес минутта 80%-ға дейін зарядтала алатын литий-ионды аккумуляторларға арналған ультражылдам зарядтау шешімдерін әзірлейді, бұл компания өнімін электромобильдер нарығы мен түпкі тұтынушылар үшін аса тартымды етеді, — делінген хабарламада. — StoreDot технологиялары басты кедергілердің бірі — ұзақ зарядтау уақытын қысқарта отырып, электромобильдерге көшуді айтарлықтай жеделдете алады. Қазақстандық инвесторлар бұдан айтарлықтай өсу мен нарықты кеңейту мүмкіндігін көреді».

2024 жылдың мамырында StoreDot технологиясы алғаш рет зертханадан тыс жерде, Polestar 5 электромобилінің прототипінде сәтті көрсетілді. Оған аса жылдам зарядтау технологиясы бар StoreDot тәжірибелік тарту батареясы орнатылды. Тәжірибе барысында тарту батареясының зарядын 10 минутта 10%-дан 80%-ға дейін көтеру мүмкін болды, деп хабарлады Raison баспасөз қызметі.

Дереккөз: Forbes.kz

27 авг 2024