2025 жылы Қазақстанның венчурлік нарығы қалай өзгерді?
2025 жылы Қазақстанның венчурлік нарығы дамуын жалғастырды. Елде сырттағы ойыншылардың назарын аударатын өз экожүйесі қалыптасып үлгерді. Қорлар стартаптарға белсендірек инвестиция сала бастады, мәмілелер көлемі өсуін жалғастыруда, ал қыркүйекте елде алғашқы «жалғызмүйіз» – бағалау құны $1 млрд-тан асқан Higgsfield AI пайда болды.
Activat VC командасы Digital Business үшін арнайы IT және қаржы саласының сарапшыларымен сөйлесті. Олар өңірімізде венчур қалай өзгеріп жатқанын және болашақта қазақстандық стартаптарға салынатын инвестиция көлемінің артуын күтуге бола ма, соны айтып берді.
Нарықта не болып жатыр?
Әлемдік экономикадағы жалпы күрделі жағдайға қарамастан, стартаптарға салынатын инвестиция жоғары деңгейде сақталып отыр. Bain & Company консалтингтік компаниясының деректері бойынша, 2025 жылдың тек екінші тоқсанында ғана венчурлік қаржыландырудың жаһандық көлемі $109 млрд болды.
Осы сандардың аясында Орталық Азия шағын, бірақ тұрақты өсіп келе жатқан нарық болып көрінеді. Соңғы өзекті зерттеу (авторлары – RISE Research, EA Group, MA7 Ventures, BGlobal Ventures, KPMG және dealroom.co) 2024 жылғы деректерді келтіріп, венчурлік мәмілелердің жалпы сомасын $95 млн деп бағалайды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп, ал 2018 жылдан бергі нарықтың орташа өсімі 35%-ды құрайды. Қазақстанды жеке алсақ, Орталық Азиядағы венчурлік инвестициялардың жалпы көлемінің 74%-ы, яғни $71 млн еліміздің үлесіне тиді. Сарапшылардың бағалауынша, өсудің осындай үрдісі жалғасты.
Сарапшылардың атап өтуінше, өткен жыл AI-шешімдердің басымдығымен ерекшеленді.
– Ең тартымды салалар – AI-ға қатысты барлық нәрсе. Бірақ әңгіме жай ғана «көз бояу үшін» қосылған шағын функция туралы емес, өнімнің негізгі функционалына айтарлықтай әсер ететін жасанды интеллект туралы, – дейді Activat VC атқарушы директоры Мейржан Есимханов.
– Менің ойымша, ең тартымды болып AI-native өнімдер шықты. Бірақ кезекті LLM түрінде емес, қолданбалы құралдар форматында: сатуды, клиенттерді қолдауды, скорингті, ішкі корпоративтік процестерді автоматтандыру. Осы жыл ішінде ЖИ «қосымша функция» болудан қалып, инфрақұрылымға айналды. Бизнесін бірден осының айналасында құратын командалардың ұтып жатқанын көріп отырмын, – дейді Justart VC studio негізін қалаушы және Most Holding акционері Бахт Ниязов.
– Ақша мен инвесторлардың назары тұрғысынан айтсақ, бұл – біз айтатындай AI-first, оның ішінде салалардағы қолданбалы ЖИ. HealthTech, MedTech, Enterprise Software, SaaS – Қазақстандағы сұраныстың өзегі. Бірақ AI қолданудағы көшбасшы вертикаль – финтех. Ол біздің өңір үшін, әсіресе Қазақстан үшін базалық немесе тірек сектор болып қала береді. Бұл нарықтағы белсенділікті көріп отырмыз, – деп ой бөліседі Qazaqstan Venture Group CEO-сы және директорлар кеңесінің мүшесі Аскар Билисбеков.
– Салалар бүкіл әлемде өзекті болып отырған салалармен бірдей болып шықты – мұны сырттағы хайп та, Қазақстан ішіндегі мәмілелер де көрсетіп отыр. Бұл – финтехке қатысты барлық нәрсе. Бір-бірімен финтех жарысын бастаған Kaspi, Freedom, Halyk сияқты қазіргі ірі ойыншыларға оңай сатуға болатын дүниелер. Бұл – көптеген стартаптар үшін нақты шығу жолы және нақты жұмыс істейтін модель, – дейді тәуелсіз қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев.
– 2025 жыл жасанды интеллект жылы болды. GenAI, AI-агенттер және AI көмегімен деректерді талдау негізіндегі шешімдер ең көп қызығушылық тудырып отыр. Олар қаржы мен медицинадан бастап мемлекеттік сектор мен өнеркәсіпке дейін қолданыс табуда, – деп толықтырады Astana Hub Ventures венчурлік қорының бас атқарушы директоры Айдана Бергазденова.
Әлемде ЖИ-ге деген жалпы қызығушылықтың сақталып отырғанын және Қазақстан үкіметінің бұл технологияны экономикаға енгізуге баса назар аударып отырғанын ескерсек, бұл үрдіс жалғасуы мүмкін. Бұл осы саладағы жобалардың одан да көп құрылуына да, инвестициялардың қосымша ағынына да әкелуі мүмкін.
Инвесторлардың белсенділігі қалай өзгеріп жатыр?
Мейржан Есимханов өңірдегі венчурлік инвестициялау көлемі артып келе жатқанын атап өтеді. Сондай-ақ халықаралық инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсіп келе жатқаны байқалады. Мысалы, Activat VC портфеліндегі TassVision және Garderob стартаптары еуропалық инвесторлардан инвестиция тарта алды.
Өз кезегінде Аскар Билисбеков негізгі өзгерісті еске салады: халықаралық инвесторлардың белсенділігі енді онша экзотика емес, біздің венчурлік нарық жұмысының тұрақты бөлігі. Қазақстандық экожүйедегі белсенді инвесторлар саны тұрақты өсуін жалғастыруда. Нарықта 60-тан астам қор, инвестициялық компания және супер-ангел жұмыс істейді. Ең белсенділерінің қатарында – MOST Ventures, EA Ventures, MA7 Ventures, Activat VC, Big Sky Capital және басқалар.
Сонымен қатар олардың жұмысына деген көзқарастың өзі де трансформациядан өтіп жатыр. Мысалы, 2014 жылы құрылған Activat VC өз жолын 6 жеке жобасы бар стартап-студия ретінде бастаған. Ал қазір компания ерте кезеңдегі стартаптарға инвестиция салу менторлықпен, аналитикамен, қауымдастықты дамытумен және кәсіпкерлерге халықаралық нарықтарға жол ашумен ұштастырылатын философияны ұстанады.
2025 жыл осындай стратегияны таңдаудың дұрыстығын растады. Қауымдастық кеңейіп, жаңа серіктестіктер құрылған сайын мәмілелер саны да көбейді. Қазір қордың айналасында Activat Startup (370+ негізін қалаушы) қауымдастығы және бизнес-ангелдер мен инвесторлар клубы – Activat Invest қалыптасты. Компания сондай-ақ Sturgeon, Domino, UzVC, Sabah, Pasha және басқа да қорлармен ынтымақтасады.
Жалпы алғанда, өңірде венчурлік инвестициялау мәдениетінің өзі өзгеріп келеді: басты назар хайп пен дабыралы мәлімдемелерге емес, тұрақты әрі болашағы зор өнімдерді құруға аударылады.
Халықаралық экспансияға әлеует бар ма?
Экожүйеде болып жатқан трансформация инвестициялауға деген көзқарасты өзгертуде. Бір жағынан жергілікті ойыншылар белсенділігінің артуы, екінші жағынан шетелден қазақстандық стартаптарға деген назардың күшеюі нарықтың дамуын әрі қарай қолдай береді. Айтпақшы, нарық тұрақты түрде екі таңбалы орташа жылдық өсім қарқынын көрсетіп келеді.
Ал қазақстандық стартаптардың өздерінде не болып жатыр? Бахт Ниязовтың айтуынша, командалардың бір бөлігі қазірдің өзінде халықаралық нарықтарға шығуға дайын.
– Бұл ретте басқа нәрсе маңызды: өңірдің халықаралық өсуге әлеуеті өте зор. Мен мұны алдағы 2-3 жыл көлеміндегі елеулі upside ретінде қараймын. Нақтырақ айтсам, бүгінде қазақстандық командалардың дайындығы орта есеппен жоғарырақ. Олардың тәжірибесі көбірек, жаһандық ойлау деңгейі жоғарырақ, халықаралық нарықтармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсырақ түсінеді. Олардың көбі қазірдің өзінде АҚШ-та әжептәуір белсенді жұмыс істеп жүр, – деп есептейді Ниязов.
Осыған ұқсас пікірді Андрей Чеботарев те білдіреді:
– Менің ойымша, халықаралық экспансияны шынымен қалайтындардың (стартап командаларының) көбі «Мен бірдеңені Қазақстанда өсіріп алып, кейін бүкіл әлемге шығамын» деген бұрынғы модельдің жұмыс істемейтінін түсінді. Сондықтан бірден халықаралық нарықтарға шығып, мәні жағынан тіпті қазақстандық стартап болып саналмайтын модель – әбден қалыпты. Біздің жігіттердің құзыреті жағынан оған қаншалықты дайын екені – өте жақсы сұрақ. Бірақ оны жол мен шығар жол іздейтін стартапшылардың өздері шешетін болады.
– Жалпы алғанда, seed-раундтарда инвестиция алып, Series A-ға жақындап қалған стартаптар масштабтауға дайын және басқа елдердегі әріптестерінен кем түспейді. Ең бастысы – «тылы бекем» болуы үшін осында сенімді құрылым қалыптастыру және масштабтауға қолайлы нарықтарды табу, – деп толықтырады Мейржан Есимханов.
– Халықаралық нарықтарға шығуға дайындық 2-3 жыл бұрынғыдан айтарлықтай жоғары. Өнімді бірден халықаралық фокуспен құрып, жаһандық акселераторлар мен бағдарламаларды пайдаланатын, өңірде мықты команданы сақтап отырған командалардың барған сайын көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Cerebra AI және Higgsfield AI сияқты жарқын мысалдар бар – бұл командалар біздің елде және өңірде жақсы серпін беріп отыр. Бірақ нарық ауқымының әлі де шағын екенін ескеру маңызды, бұл мықты жобаларды өңірден тыс ірірек нарықтар мен капитал іздеуге мәжбүрлейді. Дегенмен алдағы 3-5 жылда, мүмкін одан да ертерек, бұл алшақтықты қысқартуға тырысамыз деп ойлаймын. Кейінгі кезеңдерге бағытталған қорлар пайда болады, біз бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, – деп сенім білдіреді Аскар Билисбеков.
– 2025 жыл дамыған нарықтарға шығу өңір стартаптары үшін – ерте кезеңдегілер үшін де, жетілгендері үшін де – күрделі сынақ болып қала беретінін көрсетті. Қиындық жоғары бәсекелестікте, өнімді жергілікті ерекшеліктерге бейімдеу қажеттілігінде, сондай-ақ капитал мен серіктестіктерге қолжетімділіктің шектеулі болуында. Кремний алқабындағы Silkroad Innovation, Шанхайдағы Khan Tengri Innovation және Дубайдағы Tumar Innovation сияқты халықаралық хабтар арқылы көрсетілетін қолдау бұл жолды шынайырақ етеді, – дейді Айдана Бергазденова.
Әрі қарай не болады?
Сарапшылардың айтуынша, нарық дамуының қазіргі кезеңінде экожүйені барлық бағыт бойынша кеңейту маңызды. Әңгіме инвестиция көлемін арттыру туралы ғана емес, қазақстандық стартаптарға тек ерте кезеңдер ғана қолжетімді болып қалмауы үшін инвестиция раундтарының көбірек түрін қамту туралы да болып отыр.
Бахт Ниязов осыған байланысты венчурлік нарықтың дамуын кезеңдер бойынша неғұрлым теңгерімді қаржыландыру құрылымы жеделдетуі тиіс екенін атап өтеді. Оның пікірінше, бүгінгі таңдағы негізгі шектеулердің бірі – кейінгі раундтарда капиталдың жетіспеуі.
– Өңір елдерінде, әсіресе бұл Өзбекстанның мысалынан айқын көрінеді, көптеген стартаптар пайда болды және ерте кезең қорлары әжептәуір белсенді дамып келеді. Бірақ одан әрі алшақтық туындайды: жобалар өседі, ал келесі кезеңде оларды қолға алатын ешкім жоқ. Ұзақ уақыт бойы Қазақстанда да осындай жағдай болды, – дейді ол.
Бірақ жағдайды Қазақстанда қорлар қорын құру жөніндегі бастама өзгерте алады. Ол капиталға қолжетімділікті ғана емес, нарыққа деген жалпы көзқарасты да өзгертеді – ең алдымен стартаптардың негізін қалаушылардың көзқарасын. Қазақстандық экожүйені «уақытша бастапқы алаң» ретінде қарастырмай, ұзақ мерзімді өсу траекториясын құруға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ инвесторлардың саны ғана емес, біліктілігі де өсуі үшін венчурлік нарыққа жеке кәсіпкерлерді барынша көбірек тарту маңызды. Бұл зиянды шешімдердің санын азайтып, капитал сапасын арттырады, ал бұл нарықты орнықтырақ етеді. Qazaqstan Venture Group және Alem Ventures Fund сияқты құрылымдар маңызды ойыншыларға айналуда.
Мейржан Есимханов венчурлік индустрияның дамуын сапалы жоғары білім және жергілікті «жалғызмүйіздер», экзиттер мен инвесторлардың жақсы табысы туралы жағымды жаңалықтардың болуы жеделдете алатынын қосады. Біріншісі көбірек негізін қалаушыларды, ал екіншісі әлеуетті инвесторлар мен бизнес-ангелдерді тартады.
– Қазір қоғамда өз жобаңды дамытуға инвестицияны тек таныс-тамыр арқылы ғана алуға болады деген пікір әлі де бар, бірақ олай емес. Осы стереотиптермен күресу керек, – деп атап көрсетеді Activat VC атқарушы директоры.
Өз кезегінде Айдана Бергазденова экожүйедегі қолжетімді капитал көлеміне басымдық беру маңызды деп санайды – венчурлік нарықтың дамуы тікелей соған байланысты. Бірақ акселерациялық бағдарламалар мен жаңа нарықтарға шығу жөніндегі бастамалар түріндегі инфрақұрылым да қажет. Дәл қолжетімді қаржыландыру мен сапалы қолдау бағдарламаларының үйлесімі экожүйенің жедел өсуі үшін ең зор оң әсер береді.